Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған жоба іске асырылады

АНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Еуропалық Одақ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғауға қолдау білдіру» атты жобаны бастады.

Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған жоба іске асырылады

 
 Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Еуропалық Одақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері және ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тамара Вощенкова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Еуропалық комиссия делегациясының өкілі Юбер Петидің мәліметі бойынша, Еуроодақ жобаның іске асырылуына 1,2 млн. еуро бөліп отыр.

  «Негізгі мақсат әйелдердің, нәрестелердің және балалардың денсаулық көрсеткіштерін жақсарту. Сонымен қатар ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған Қазақстанның денсаулық сақтау стратегиясын жасақтауға, ондағы міндеттердің орындалуына көмек көрсету», деді ол.

 «Ана мен баланың денсаулығы, медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен тәжірибесін жаңа сапалы деңгейге көтеру еліміздің негізгі мақсаттарының бірі. Соңғы жылдары қолға алынып, іске асырылған ірі жобалардың нәтижесінде ана мен бала өлімін айтарлықтай төмендетуге қол жеткізгеніміз рас. Дегенмен соның өзінде Еуропа елдерінің көрсеткіштерінен әлдеқайда жоғары болып отыр», деді Т.Вощенкова.

 «Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі қолда бар жүйенің өзінде ана мен бала өлімі санын азайтуға болатындығын мойындайды. Қайғылы жайттардың орын алуы медициналық көмек сапасының төмендігінен, жүйенің осалдығынан орын алады. Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынып отырған жүйесі мен жаңа заманғы технологияларын енгізу ана мен бала денсаулығын қорғауға қолдау көрсетері сөзсіз», деп атап көрсетті ол.