Қазақстанда анестезиологтар мен реаниматологтар тапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан 10 мың адамға тек бір ғана анестезиолог пен реаниматолог қызмет көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда анестезиологтар мен реаниматологтар тапшы

ҚР Анестезиологтары мен реаниматологтары қоғамының төрағасы Ағзам Жұмаділовтың айтуынша, Астана мен Алматыда осы санаттағы мамандардың тапшылығы байқалмайды. Бірақ аудандық ауруханаларда  анестезиологтар мен реаниматологтар өте аз. Себебі жоғары оқу орындарын бітіретін жас мамандар жергілікті жерге барғысы келмейді. «Шыны керек, қазіргі кезде анестезиологтар мен реаниматологтардың тапшылығы барынша байқалады. Осы санаттағы мамандар жұмысты жиі ауыстырады. Олардың біліктілігін арттыруға арналған шаралар аз. Жалпы, бұл мамандықтың мәртебесі түсіп кетті. Жалақысы төмен. Құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жағы әлсіз. Медициналық препараттардың жетіспеушілігі де бар. Жергілікті жерде наркоз беретін аппараттардың техникалық жағдайы сын көтермейді. Респираторлар ескірді. Осы мәселелердің бәрін шешу керек. Ал анестезиологтар мен реаниматологтардың біліктілігін арттыру үшін кадрлар ротациясын жасауға болады. Мәселен, облыстық және аудандық ауруханалар бір-екі айға маман алмастырып, өзара тәжірибе алмаса алады. Әйтпесе, бүгінде кейбір аудандық ауруханаларда анестезиолог мүлдем жоқ. Бар болса да, облыс орталығына, Астана немесе Алматыға ауысып кетуге тырысады. Ротация жасаса, ол маман облыс орталығына барып, көп нәрсеге үйрене алады. Сосын ауданға келіп, соның бәрін іс жүзінде енгізе алады», - дейді А.Жұмаділов. 

Ұйым басшысыныңмәліметіне сәйкес, көрші Ресей Федерациясында 10 мың адамға келетін анестезиологтар мен реаниматологтар коэффиценті 2,2 адамды құрап отыр. АҚШ-та - 3,1 болса, Еуропада - 3,2. Ал Қазақстанда 10 мың адамға тек 1,4 анестезиолог мен реаниматолог қана қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, Астанада анестезиологтар мен реаниматологтардың II конгресі басталды. Пленарлық мәжілісті ашқан ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева осы саладағы негізгі мәселелерді белгілеп берді. Алдағы уақытта барлық қоғамдық орындарда дефибрилляторлар орнатылуы мүмкін.