Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Осы апта еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында, білім саласында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Kazinform агенттігі 10-16 тамыз аралығындағы жаңа кадрлық тағайындауларға шолу ұсынады.

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: Pexels

Апта басында Мемлекет басшысының өкімімен Бақыт Есімова Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.

Бақыт Есімова Павлодар облысында дүниеге келген. Санкт-Петербург мемлекеттік инженерлік-экономикалық университетін бітірген (2006, «Болашақ» бағдарламасы бойынша).

Еңбек жолы: «Қазақстан жастары конгресі» заңды тұлғалар қауымдастығының менеджері, атқарушы директор кеңсесінің басшысы (2006-2007); «Сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының сарапшысы (2007-2008); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің стратегиялық жоспарлау және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы (2008-2010); Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті басшысының орынбасары (2010-2011); Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің басшысы (2011-2013); Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы (2013-2015); «Астана қаласының Ішкі саясат департаменті» мемлекеттік мекемесінің басшысы (2015-2020); Қостанай облысы әкімінің орынбасары (2020-2022).

2022 жылдың мамыр айынан ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі басшысының орынбасары болды.

Мемлекет басшысының өкімімен Әділ Мәлікұлы Сүбебаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды.

Әділ Мәлікұлы Сүбебаев 1980 жылғы 4 ақпанда Қазақ КСР-інің Талдықорған облысы Андреевка ауданындағы Андреевка ауылында дүниеге келген. Үйленген, үш баласы бар.

2002 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің Әскери университетін (Смоленск қаласы) тәмамдады.

2013 жылы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Әуе-ғарыштық қорғаныс әскери академиясын (Санкт-Петербург қаласы) бітірді.

2025 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетін (Астана қаласы) аяқтады.

2002 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызметін бастады.

Қызмет барысында радиотехникалық батареяның жауынгерлік басқару бөлімшесі есептобының бастығынан әскери бөлім командиріне дейінгі лауазымдарды атқарды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолбасшысының орынбасары — Жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы қызметін атқарды.

2026 жылғы 10 тамызда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды.

ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы қызметіне Ерлан Абдуллаев тағайындалды.

Ерлан Маратұлы 1983 жылы дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін алғашқы әскери және дене дайындығы, құқықтану мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы Қызылорда қаласындағы № 2 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған.

Әр жылдары Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, Байқоңыр қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы, Қызылорда облысының Сырдария ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында әскери қызмет саласында жауапты қызметтер атқарған.

2023 жылдан бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде жұмылдыруды жоспарлау бөлімінің бастығы қызметін атқарып келді.

Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров Комитет ұжымына жаңа төраға орынбасары Олжас Нукаевты таныстырды.

Олжас Нукаев 1985 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қаржы академиясында алған қаржы магистрі дәрежесі бар.

Олжас Нукаев мемлекеттік аудит саласындағы еңбек жолын 2011 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржылық бақылау инспекциясында ревизор қызметінен бастаған.

Мемлекеттік аудит жүйесінде еңбек еткен жылдары ревизордан бастап басшылық лауазымдарға дейінгі кәсіби жолдан өтті.

2019–2022 жылдары Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды.

2022 жылдан бастап Олжас Нукаев Ішкі мемлекеттік аудит комитетінде жұмысын жалғастырып, Тәуекелдерді басқару басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Жаңа қызметінде мемлекеттік аудитті цифрлық дамыту және талдау мәселелерін, сондай-ақ SMART AUDIT QAZAQSTAN (SAQ) жобасын енгізуді қоса алғанда, стратегиялық бастамаларды іске асыруға жетекшілік етеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Шынар Қуанышқызы Ақпарова оқу-ағарту бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды.

1972 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Целиноград қаржы-экономикалық техникумын, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген.

2001–2010 жылдары — орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, № 135 Атасу негізгі мектебі, Атасу стансасы.

2010–2011 жылдары — әдіскер, Қарағанды қаласының № 26 кәсіптік лицейі, Қарағанды қаласы.

2011–2012 жылдары — аға әдіскер, Қарағанды облысы әкімдігі Қарағанды облысы Білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» өңірлік оқу-әдістемелік орталығы» КМҚК, Қарағанды қаласы.

2012–2013 жылдары — жетекші маман, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Қарағанды облысы Білім саласындағы бақылау департаментінің Білім сапасын сырттай бағалау бөлімі, Қарағанды қаласы.

2013–2018 жылдары — бас маман, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Қарағанды облысы Білім саласындағы бақылау департаментінің Білім сапасын сырттай бағалау бөлімі, Қарағанды қаласы.

2018–2020 жылдары — ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің Қарағанды облысы Білім саласындағы бақылау департаментінің Білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы, Қарағанды қаласы.

2020–2023 жылдары — ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Қарағанды облысы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары.

2023–2025 жылдары — ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Қарағанды облысы Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы.

2025 жылы — ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары.

2025 жылдың қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР оқу-ағарту вице-министрі қызметін атқарды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып Ренат Құрмамбаев тағайындалды. Бұған дейін ол Алтай ауданының әкімі лауазымын атқарған. Жаңа қызметінде ол ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелеріне жетекшілік етеді.

Ренат Тілеуханұлы 1980 жылы 25 қаңтарда Үлкен Нарын ауданының Ново-Березовка ауылында дүниеге келді. 1998 жылы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжін «Еңбекке баулу» мамандығы бойынша, 2001 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру бойынша кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша, ал 2006 жылы Қазақстан-Американдық еркін университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2003 жылы Катонқарағай аудандық мәдениет бөлімінің жастармен жұмыс жөніндегі бас маманы болып бастады.

2005 жылы Катонқарағай ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді. 2005 жылдан 2008 жылға дейін Катонқарағай ауданы әкімінің аппараты кадрлық және мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

2008–2009 жылдары Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадрлық бөлімін басқарды. 2009–2011 жылдары ШҚО әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болды. Әр жылдары Катонқарағай және Ұлан аудандарының әкімі, ШҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары және Алтай ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2023 жылғы қарашадан осы уақытқа дейін Алтай ауданының әкімі лауазымында жұмыс істеді.

Ербол Салықбаев Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры болып тағайындалды.

Ербол Салықбаев 1989 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Технологиялық машиналар және жабдықтар» мамандығы бойынша, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2012 жылы Шардара қаласындағы «Ер-Серік 2» ЖШС директорының орынбасары қызметінен бастаған. Кейін осы компанияның атқарушы директоры болды.

2014 жылы «Қазсушар» РМК-ның «Су-метрология» филиалы Автоматтандыру және есептеу бөлімінің жетекші маманы қызметін атқарды.

2014 жылғы қазаннан 2015 жылға дейін «Қазсушар» РМК Оңтүстік Қазақстан филиалының Шардара өндірістік бөлімшесінде маман, кейін Суды пайдалану бөлімінің метрология және байланыс жөніндегі бас маманы болды.

2015-2019 жылдары «Қазсушар» РМК-да бас маман, бөлім басшысы, Материалдық-техникалық жабдықтау департаментінің басшысы қызметтерін атқарды.

2019-2020 жылдары «Қазсушар» РМК Суармалы жерлер департаментінің басшысы болды.

2020-2022 жылдары «Қазсушар» РМК департамент басшысы, кейін Пайдалану және суды пайдалану бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.

2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Қазсушар» РМК бас директорының пайдалану жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келді.

Дәурен Сәкенов Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Дәурен Сәкенов ішкі істер органдарындағы қызметін 2007 жылы бастаған. Еңбек жолын Ақсу ауданында жедел уәкіл қызметінен бастаған ол осы жылдар ішінде жедел қызметтің түрлі лауазымдарында еңбек етіп, кәсіби тұрғыда өсті.

Жаңа басшының ауыр және аса ауыр қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары бойынша мол тәжірибесі бар. Кәсібилігі, принципшілдігі мен практикалық тәжірибесі оның білікті басшы әрі жедел қызметтің тәжірибелі маманы ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.

Жетісу облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметінде Дәурен Сәкенов қоғамдық тәртіпті нығайту, полиция бөлімшелерінің жұмыс тиімділігін арттыру және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.