Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – 25-31 мамыр аралығында Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі мен өңірлерінде бірқатар кадрлық өзгеріс болды. Kazinform осы аптадағы негізгі тағайындауларға шолу жасайды.

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Бас Прокурордың бұйрығымен Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры лауазымына аға әділет кеңесшісі Дүйсекенов Ержан Ерғанатұлы тағайындалды.

Ержан Дүйсекенов еңбек жолын Екібастұз қаласы прокурорының көмекшісі болып бастады.

Әр жылдары Екібастұз қаласы прокурорының орынбасары, Павлодар облысы прокурорының аға көмекшісі, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Павлодар облысы бойынша департаментінің бастығы лауазымдарын атқарды.

2023 жылғы қыркүйектен Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары лауазымында қызмет етті.

Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталған. Прокуратураның құрметті қызметкері.

Ал Нариман Дүйсекеев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы БАҚ-пен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры қызметіне кірісті.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Бұған дейін Нариман Дүйсекеев Жолаушылар тасымалы компаниясында баспасөз хатшысы, Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясында басқарушы директор, сондай-ақ Zerde National Infocommunication Holding құрылымында түрлі қызметтер атқарған болатын.

Сонымен қатар Арман Әбеуов Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) Әскери және полиция комиссиясы құрамындағы Әскери комиссияның басшысы болып тағайындалды.

Арман Әбеуов – дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан чемпионы және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Сондай-ақ Абу-Даби мен Лас-Вегас қалаларында өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионаттарының жүлдегері атанған.

Федерацияның ресми құрылымдарының хабарлауынша, тағайындау кезінде Арман Әбеуовтің кәсіби тәжірибесі мен спортты, әскери-патриоттық тәрбиені және дзюдо саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі ескерілген.

Арман Әбеуов Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы қызметін атқарады.

Оның жетекшілігімен Қарулы күштерде дене шынықтыру мен спортты дамыту, әскери қызметші-спортшыларды халықаралық жарыстарға даярлау және әскери-қолданбалы спорт түрлерін жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді.

Қазақстанда өткен аптада болған кадрлық тағайындаулар туралы осы сілтеме арқылы оқуға болады.