Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде өткен аптада бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

кадровые назначения
Фото: Ақорда

7 сәуірде Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. 

Жақсылық Мұқашұлы 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы, Алакөл ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. Мамандығы - география пәнінің оқытушысы, мемлекеттік және жергілікті басқару бакалавры.

Еңбек жолын ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Республикалық халықаралық мәдени бағдарламалар комитеті дирекциясының жетекші маманы болып бастады.

Әр жылдарда Мәдениет министрлігінде жетекші маман, бас маман, Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ «Астана» ТРК дирекциясы директорының орынбасары, қоғамдық-саяси бөлімінің продюсері, «Арнамедиа» ҰАХ» АҚ бас менеджері, Парламент Мәжілісі аппараты баспасөз қызметінің сарапшысы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі, Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, Шығыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

2013 жылдың мамырынан 2016 жылдың қарашасына дейін ШҚО әкімінің орынбасары болды. 2016-2018 жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.

Ал 2018-2024 жылдары Өскемен қаласын басқарған. Осы уақытқа дейін ШҚО әкімінің кеңесшісі болды.

7 сәуірде Азамат Есқараев Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды. 

Азамат Несіпбайұлы 1979 жылы Алматы қаласында туған.

Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы ҚР Әділет министрлігі Заңнама департаментінің жетекші маманы болып бастаған.

2000-2005 жылдары ҚР Әділет министрлігінде бас маман, Заңға тәуелді нормативтік актілердің жобаларын сараптау және дайындау басқармасы бастығының орынбасары — бөлім бастығы, заңнама департаментінің өндірістік саланың заңға тәуелді нормативтік актілерін сараптау бөлімінің бастығы, заңнама департаменті басқармасының бастығы, заңға тәуелді актілер департаменті басқармасының бастығы болған.

2005-2006 жылдары — Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы.

2006-2007 жылдары — «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ заң қызметі департаментінің бас менеджері.

2007-2012 жылдары — ҚР Әділет министрлігінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді: құқықтық мәселелер жөніндегі консультант, Ішкі әкімшілік департаментінің жетекші маманы, министрдің көмекшісі, талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры, заңнама департаментінің директоры.

2012-2014 жылдары ҚР ЭҚСЖҚКА инспекциясының ұйымдастыру-бақылау департаментінің бастығы болған.

2014-2019 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған.

2019 жылдан 2023 жылғы қаңтарға дейін — ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі заң бөлімінің меңгерушісі.

ҚР Президентінің 2023 жылғы 4 қаңтардағы Жарлығымен ҚР әділет министрі болып тағайындалды.

2023 жылғы 4 сәуірде ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының әділет министрі болып қайта тағайындалды.

2024 жылғы 6 ақпанда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының әділет министрі болып тағайындалды.

2025 жылы Азамат Есқараев Әділет министрі қызметінен босатылған еді.

Аптаның алғашқы күні Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы қызметіне Жүсіпжан Ақзам тағайындалды. 

Жүсіпжан Ақзам 1970 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген.

1993 жылы К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын, 2001 жылы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын 1993 жылы Шалқар ауданының «Сүттікөл» өндірістік кооперативінде зоотехник болып бастаған. Ақтөбе, Қарағанды облыстары, Астана қаласы әкімі аппаратының, «Нұр-Отан» партиясы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика министрліктерінің, Дін істері агенттігінің түрлі лауазымдарында жұмыс істеген.

8 сәуірде Лола Әділбекова көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне кірісті. 

Қазақстан гимнастика федерациясынан мәлім еткеніндей, Лола Исламқұлқызы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионаттарының қатысушысы және 2002 жылғы Азия ойындарының командалық есебінде күміс жүлдегері.

Лола Әділбекова бапкерлік қызметін 2010 жылы Шымкент қаласында бастаған. Соңғы жылдары ол Шымкент қаласының аға жаттықтырушысы қызметін атқарды. 2018 жылы Лолаға «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді.

Қызмет жолында Лола Әділбекова халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсеткен бірқатар талантты спортшыларды дайындады. Олардың қатарында Азия чемпионы және Азия ойындары командалық жарысының жеңімпазы Даяна Әбдірбекова, жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың қатысушысы Роза Әбитова бар. Сондай-ақ бұл тізімге жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының финалисі Эльжана Таниева, 2023 жылғы Азия ойындарының командалық жарысында күміс жүлдегер атанған және жекелей көпсайыста қола медаль алған Милана Парфилованы қосуға болады.

Сейсенбіде Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып Еркебай Ғалымжан Бақтығалиұлы тағайындалды. 

Ғалымжан Бақтығалиұлы 1981 жылы дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде білім алған.

Еңбек жолын 1997 жылы «Шаған» агрофирмасында бастаған. Әр жылдары Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдерінде жетекші маман, бас маман, сектор меңгерушісі, бөлім басшысы, «Мемлекеттік қала құрылыс кадастры» мекемесі филиалының директоры, Қазалы, Сырдария аудандары әкімінің орынбасары, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарында болды.

2022 жылдың тамыз айынан осы күнге дейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

9 сәуірде Асан Дарбаев ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды. 

Асан Дарбаев 1984 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Warwick университетін («Болашақ» бағдарламасының стипендиаты) тәмамдаған.

Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Қаржы министрлігінің құрылымында бастаған. Түрлі жылдары «Бәсекелі саясатты дамыту және қорғау орталығында», Алматы облысы бойынша Монополияға қарсы басқармада бәсекелестікті қорғау бөлімінің бас маманы, басшысы қызметтерін атқарған.

2013-2014 жылдары ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінде Квазимемлекеттік сектор және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары, Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау департаментінің директорының орынбасары болды.

2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Мемлекеттік кәсіпорындар мен қосылуларын бақылау басқармасын басқарды.

2015-2017 жылдары — ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасының орынбасары. 2017 жылдан бастап қазірге дейін ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етті.

2019 жылдың қыркүйегінен бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы қызметін атқарып келді.

10 сәуір күні Қуаныш Бишімов Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болып тағайындалды. 

Жаңа бас директорды кәсіпорын ұжымына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Аппарат басшысы Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлы таныстырды. Қ.Бишімов әр жылдары кеден органдарында, ҚР Экономика және сауда министрлігінде, ҚР Индустрия және сауда министрлігінде, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің «Резерв»РМК-да жұмыс істеді.

«Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ Бас директоры, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.

Компания мәліметінше, бұл тағайындауға дейін «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директоры болды.

ҚМГ басшылығы Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңа бас директорының алдына операциялық тиімділікті арттыру, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемін ұлғайту, өндірістік процестердің сенімділігі мен энергия тиімділігі деңгейін арттыру, экологиялық жобаларды одан әрі іске асыру, 2025 жылы жоспарлы алдын алу жұмыстарын сапалы жүргізу және қызметкерлерге қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау жөнінде нақты міндеттер қойды. Зауыттың тұрақты және үздіксіз жұмысының маңызы атап өтілді.

Бейсінбіде Жанжігіт Омархан Абай облысы Мəдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. 

Жанжігіт Омархан журналистика, құқықтану, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтарының бакалавры, Әлеуметтік ғылымдар магистрі (журналистика).

Еңбек жолы:

2009 ж. - «Астана» телеарнасы бағдарламалар қызметінің репортеры, тілшісі.

2010-2011 жж. - «Астана» телеарнасындағы «Қайырлы таң»,»Қауіпсіз жол» бағдарламаларының тележүргізушісі.

2011-2015 жж. - Қазақстан ұлттық арнасында «Иман айнасы» бағдарламасының жүргізушісі.

2015-2016 жж. - «Еуразия бірінші» телеарнасының «Ашығын айтқанда» ток-шоуының жүргізушісі.

2016-2018 жж. - «Астана» телеарнасындағы авторлық «Өзекті» тележобасының жүргізушісі, жетекшісі.

2018-2019 жж. - Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ басшысының орынбасары.

2019 жылдың сәуірінен қазаны аралығында - «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның ,баспасөз қызметінің басшысы.

2019 жылдың 22 қазанынан – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз-хатшысы.

11 сәуірде Маждай Ахметов Павлодар мұнай-химия зауытының бас директоры болып тағайындалды. 

М.Ахметов еңбек жолын 2010 жылы «ПМХЗ» ЖШС-де технологиялық қондырығылар операторы болып бастады.

2010-2013 жж. – №3 технологиялық цехтың күкірт шикізатын абсорбациялау және газбен фракциялау қондырғысының 4-разрядты технологиялық қондырғылар операторы

2013-2016 жж. – №3 технологиялық цехтың өндірісті дайындау жөніндегі инженері.

2016-2017 жж. – мұнайды бастапқы өңдеу кешенінің нафта сплиттері және изомерлеу қондырғысының 6-разрядты технологиялық қондырғылар операторы.

2017 ж. қыркүйек - желтоқсан – жеңіл мұнай өнімдерін өндіру кешені изомерлеу және нафта сплиттері қондырғысының 6-разрядты технологиялық қондырғылар операторы.

2017-2018 жж. – жеңіл мұнай өнімдерін өндіру кешені/мұнайды бастапқы өңдеу өндірісінің изомерлеу және нафта сплиттері қондырғысының бастығы.

2018-2019 жж. – мұнайды бастапқы өңдеу өндірісінің операциялық үйлестірушісі.

2019-2021 жж. – мұнайды бастапқы өңдеу өндірісінің аға операциялық үйлестірушісі.

2021-2022 жж. – жеңіл мұнай өнімдері өндірісінің бастығы.

2022 – 2024 жж. – өндіріс департаментінің техникалық бөлім бастығы – бас технолог.

2024 ж.қазан – 2025 ж. қантар – бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары – бас инженердің міндетін атқарушы.

Бұл тағайындауға дейін «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары – бас инженер қызметін атқарды.

Соңғы жаңалықтар