Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде өткен аптада бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

 Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Аптаның алғашқы күні Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ- ның бас директоры болып Даниал Нәбиев тағайындалды. Ол бұған дейін аталған компанияда басшының бірінші орынбасары қызметінде болған.

Д. Нәбиевтің басқарушылық тәжірибесі мол, Қазақ-Британ университетінің түлегі.

«Ұлытау» әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы болып Нұрлан Садыбеков тағайындалды.

Нұрлан Майданұлы 1983 жылы туған. Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы Алматы қаласында «ПК Вахтель и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде маркетинг менеджері ретінде бастаған.

2008 — 2014 жылдары Қазақстан Республикасы индустрия және сауда министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту департаментінде қызмет еткен.

2014 — 2015 жылдары Павлодар облысы, Ақсу қаласының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы болды.

2015 — 2019 жылдары Павлодар облысы, Павлодар ауданы әкімінің орынбасары болған.

2019 — 2020 жылдары Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды.

2020 — 2021 жылдары Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің «Агрохимиялық қызметтің Республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының» директоры болған.

2021 — 2024 жылдары бизнес саласында басшылық қызметтерде болған.

2024 жылы «Ұлытау» «Әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпарациясы» басқарма төрағасының орынбасары болды.

Осы тағайындауға дейін Ұлытау облысы әкімі аппарат басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болып белгілі журналист Бақытжан Омаров тағайындалды

Бақытжан Бауыржанұлы 1987 жылы дүниеге келген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін халықаралық қатынастар (2008 жыл), журналистика (2010 жыл) мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылы республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясында редакторлықтан бастап, 2009-2012 жылдар аралығында осы корпорацияда түрлі қызмет атқарған.

2012-2025 жылдары Түркия мемлекетінің Анкара қаласындағы телерадиокорпорациясында жаңалықтар жүргізушісі, «Хабар-24» телеарнасының бас редакторы, Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Түрксой ұйымындағы өкілі болып еңбек еткен.

2025 жылдың ақпан айынан бастап бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.

Ол жаңа қызметте қоғамдық даму, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, дене тәрбиесі, спорт және туризм, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне жетекшілік етпек.

Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаев «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі атанды

Осылайша енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ директорлар кеңесінің құрамы жеті адамнан тұрады. Олар:

— Шарлапаев Қанат Бисимбайұлы;

— Бектенов Олжас Абайұлы;

— Жәмішев Болат Бидахметұлы;

— Лука Сутера;

— Вонг Хэн Файн;

— Мұхаммед Жәмил әл Рамахи;

— Жақыпов Нұрлан Қаршығаұлы.

Қанат Бисимбайұлы Шарлапаев 1981 жылы Ресей Федерациясында туған. Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін, Крэнфилд менеджмент мектебін (Ұлыбритания) бітірген. Мамандығы бойынша экономист, қаржы және басқару магистрі.

Еңбек жолын 2003 жылы Ресей Федерациясының Петрокоммерц банкінің Клиенттерді басқару басқармасының менеджері болып бастаған.

2006-2008 жылдары «Сити» инвестициялық банкінің Лондон (Ұлыбритания), Прага қалаларындағы (Чехия) Қаржы департаментінде маман болып жұмыс істеген. 2008-2014 жылдары «Сити» инвестициялық банкінің (Ұлыбритания) нарықтағы акциялар жұмысы жөніндегі өңірлік дивизионының аға талдаушысы, вице-президентінің көмекшісі, вице-президенті болған.

2014-2015 жылдар аралығында Ұлыбританияның «Сити» инвестициялық банкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша Стратегиялық жоспарлау және талдау өңірлік тобының вице-президенті лауазымын атқарған.

2015-2017 жылдары Қазақстанның Ситибанкінде бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті болған.

2017-2020 жылдар аралығында Ресей Федерациясының «Сити» инвестициялық банкінің Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, аға вице-президенті болып жұмыс істеген. 2020 жылы «Сити» инвестициялық банкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры лауазымына тағайындалған.

2022 жылғы ақпаннан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы қызметін атқарған.

2023 жылдың 4 кыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі болды.

2025 жылдың 28 ақпанында Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

Шымкенттің Қаратау ауданына жаңа әкім тағайындалды. Бұдан былай бұл қызметті Алмас Емелтайұлы Абаев атқарады

Алмас Емелтайұлы 1990 жылғы 11 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында туған, қазақ, білімі жоғары. Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін және Италияда Тор Вергата университетін бітірген, мамандығы бойынша біліктілігі қаржы, құқық, мемлекеттік сатып алу саласындағы халықаралық магистр.

Еңбек жолын 2010 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «Еңбек-Ақмола» филиалында мемлекеттік сатып алу маманы болып бастады.

2011-2022 жылдары жеке секторда және орталық мемлекеттік органдарда жауапты басшылық қызметтер атқарды, ал 2022-2023 жылдары Абай облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болды.

2023 жылдың қараша айынан бастап Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы лауазымында еңбек етті.

Айдарбек Қожаназаров Көкпар федерациясының президенті болып сайланды.

Айдарбек Асанұлы Қожаназаров 26 қараша 1983 жылы Қызылордада дүниеге келген.

Қазақстандық топ-менеджер әрі саясаткер, құрылуынан бері Respublica саяси партиясының төрағасы (2021 бастап), Қазақстан Мәжiлiсі VIII-сайланымының депутаты (2023 бері), «Олжа Агро» холдингінің Бас директоры (2019 бастап) және «Иволга-Холдинг» (2017–2019).

Қостанайда орта мектепті бітіріп, «Халықаралық экономика» мамандығы бойынша Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін (Нархоз) және «Мұнайгаз жобаларын басқару» мамандығы бойынша Данди Университетін бітірген.

2006-2009 жылдары «БТА Банкі» жұмыс істеп, Islamic Banking басқармасының жетекшісі, кейін Дубайдағы өкілдіктің басшысы қызметтерін атқарды.

2009-2015 жылдары «APK Olzha Holding» компаниялар тобында холдинг стратегиясы мен перспективті даму жөніндегі басқарушы лауазымдарды атқарды.

2015-2016 жылдары «КазАгро» Ұлттық басқарушы холдинг» АҚ Басқарма төрағасының орныбасары болды.

2016-2017 жылдары «Астана» ӘКК» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы болды.

2017 жылдың желтоқсан айында «Иволга-Холдинг» ЖШС Бас директоры болып тағайындалды.

2019 жылдың ақпан айында Қазақстандағы ірі агрохолдинг саналатын «Олжа Агро» ЖШС бас директоры лауазымына тағайындалды.

2022 жылы құрылған Respublica саяси партиясын басқарады.

Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес Нұрбек Әбубекұлы Оршыбеков білім басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды

Нұрбек Әбубекұлы 1979 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған. Физика-математика ғылымдарының кандидаты.

2003-2004 жылдары бірқатар коммерциялық ұйымда еңбек етті.

2004-2011 жылдары аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы қызметінен бастап, бөлім басшысы, департамент директоры, кафедра доценті қызметтерін атқарған.

БҒМ құрылымында 2011 жылдан бастап жұмыс істейді.

Алматы және Астана қаласы бойынша білім беру саласындағы Бақылау департаментінің директоры, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары болды.

2017 жылдан бастап бүгінге дейін ҚР Оқу-ағарту министірлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетін басқарған.

Әли Әлиев ресми түрде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкері болып тағайындалды.  Ол бұған дейін бас бапкер міндетін атқарушы болды.

Әли Әлиев 1980 жылы 27 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Футболшы мансабында «ЦСКА-Қайрат», «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Шығыс», «Ордабасы» және «Қызылжар» клубтарында ойнады.

Сондай-ақ Түркияның «Акчаабат Себатспор», «Кайсери Эрджиеспор», «Карталспор» және «Диарбакырспор» командаларында ойын көрсеткен.

1999 жылы Қазақстан жастар құрамасы сапында Нигерияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысты. Ұлттық құрама сапында алғашқы матчын 2002 жылы Эстонияға қарсы өткізді.

Бапкерлік мансабын 2014 жылы «Ордабасы» сапында ойыншы әрі бапкер ретінде бастады.

2018 жылы «Қызылжар» клубының тізгінін ұстап, Премьер-лигаға шығарды. 2021 жылы Қарағандының «Шахтер» клубында бас бапкер болса, одан кейін «Астана» футбол клубының жастар командасын басқарды.

2022 жылы «Жеңіс» командасын жаттықтырды. Қайтадан «Қызылжарға» оралып, петропавлдық клуб УЕФА Конференция лигасы іріктеу кезеңінің үшінші айналымына дейін жетті.

2025 жылдың қаңтар айында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Оның жетекшілігімен ұлттық құрама 2026 жылғы әлеме чемпионатына іріктеу кезеңінде Уэльстен (1:3) жеңіліп, Лихтенштейнді (2:0) тізе бүктірді.

Төлежан Барлыбаев Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды.

Астанада Сарыарқа ауданының әкімі тағайындалды.

Ол «Астана қаласы әкімінің аппараты» ММ басшысының экс-орынбасары Жанасыл Шаукентаев болды.

2014 жылдың қараша айынан бастап Астана қаласының әкімдігінде түрлі лауазымдарды атқарды: қаланың Жер қатынастары басқармасы, қала әкімінің аппараты, қаланың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы және т. б.

Соңғы жылдары «Астана қаласы әкімінің аппараты» ММ мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы, «Астана қаласы әкімінің аппараты» ММ басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек аудан мен елді мекендерді дамыту бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Алматы облысы әкімінің өкімімен Тоқпейісов Ғалым Қасымұлы Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалды

Ғалым Тоқпейісов 1967 жылы Алматы облысы, Балқаш ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары.

Әр жылдары «Қарой» ұжымшарының есепшісі, «Ақдала» күріш ұжымшары бригадирінің көмекшісі, еңбек жөніндегі экономисі, бөлім бастығы, Балқаш ауданы Ақдала ауылының әкімі болды.

Сондай-ақ Жамбыл облыстық аумақтық балық шаруашылығы басқармасының бастығы, Көксу ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы әкімі аппараты бөлімінің меңгерушісі, Көксу ауданының әкімі қызметінде болған.

Алматы облысы жер қатынастары басқармасының басшысы, Балқаш ауданының әкімі, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, облыстың жұмылдыру дайындығы, Су ресурстары және ирригация басқармаларының басшысы болды.

Соңғы жаңалықтар