Қазақстанда әрбір 5-ші жұп бедеулік проблемасына ұшырайды - ғылыми-тәжірибелік конференция
АСТАНА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін елорданың «Рэдиссон САС» қонақүйінде «Әйел мен еркек бедеулігін емдеудегі жаңалықтар» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бұл шара «Экомед» емханасы негізінде Қазақстан және Израильдің репродуктология жөніндегі жобасының тұсаукесер рәсімімен қатар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда әрбір 5-ші жұп бедеулік проблемасына ұшырайды. Өкінішке қарай, осы көрсеткіш төмендемей отыр. Осы күнге дейін қалыптасқан «бедеулік - тек әйелдер проблемасы» деген ойдың кесірінен ерлер бедеулігіне жеткілікті назар аударылмай келді», - деп атап өтті «Экомед» емханасының жетекшісі Салтанат Байқошқарова.
Бұл орайда шілденің 20-21-інде елордада танымал израильдік репродуктологтың өзінің эмбриолог әріптесімен бірігіп, бірқатар шеберлік сыныптарын ұйымдастыратындығын және еркек бедеулігі жағдайындағы аталық ұрық безінің пункционды биопсиясы бойынша операциялар жасайтынын атап өткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік,Экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісі Қазақстанда алғаш рет 1995 жылы «Экомед» емханасында енгізілді. Алғашқы қазақстандық «шыны түтіктен шыққан бала» 1996 жылы дүниеге келген. «Бұл технология ТМД бойынша ең арзандарының бірі болып табылады. ЭКҰ орташа бағасы бір ретке 180-190 мың теңгеден. Бұған қоса 100-150 мың теңгедей дәрі-дәрмектер қажет», - дейді С.Байқошқарова.