Арендалық пәтерлердің 67%-ы заңсыз жалға беріледі – Қазақстан тұрғын үй компаниясы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтарға баспана жалдау келісімшарттарын онлайн жасау мүмкіндігін ұсыну қажет. «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алтай Күздібаев баспана нарығындағы заңсыздықтарды реттеудің бір жолы осы деп отыр.

аренда, ипотека, жилье
Фото: freepik.com

«Заңсыз жолмен берілетін немесе азаматтар қандай да бір себептермен жалдау келісімшартын ресми көрсетпеген пәтерлердің жалдамалы баспана нарығындағы жалпы үлесі 67 пайызға жетіп отыр. Сонда тек 33 пайызы ғана заңды болып есептеледі. 

Бірақ бұл жерде мәселе баспананы жалға беру мәмлесін заңды деп танудың әдістемесіне де байланысты. Біз өзіміздің әдістемемізді шынайы жағдайға барынша сәйкес деп есептейміз. Осы нарықтағы қауымдастықтар, ойыншылар бағалаудың балама әдістемесін ұсынып жатса оны да қарауға болады. Бірақ салада мұндай бағыттағы есеп мәліметтерін кездестірген жоқпыз. Яғни, біз бірінші рет осындай мониторинг жасап отырмыз. Ондағы мақсатымыз – жалдамалы баспана нарығындағы өркениетті ете түсу», - деді ол «KHC Workshop-2024» шарасында

Оның пайымдауынша, баспана нарығында пәтер жалдаушының да, жалға берушінің де құқығы тапталып жатыр. 

«Сақтандыру құралдары, баспана жалдаудың стандарттары дамымаған. Дамыған елдерде баспана жалдау мониторингінің стандарттары да жақсы дамыған. Оларда «пәтерден шығарып тастаудан қорғау», «жалдау тежеуіші» деген сияқты ұғымдар бар. Бізде 640 мың азамат баспана кезегінде тұр десек, оның бәріне жеке пәтер салу міндетті деген сөз емес қой. Баспана тапшылығының мәселесін үйлер салумен бірге жалдамалы баспана нарығын реттеу арқылы да шешуге болады. Ол үшін пәтер жалдаушы адам құқығы тапталмайтынына, баспана иесі кез келген уақытта шығарып тастамайтынына сенімді болу керек. Екінші жағынан, пәтер жалға берушілер жалдаушы баспананы өртеп жібермейтініне, су астында қалдырмайтынына сенімді болу керек. Сондықтан біз аренда стандарттарының бәрін пысықтап жазуымыз керек. Мысалы, Е-нотариат сияқты жүйелер арқылы баспана жалдау келісімшартын онлайн жасауға мүмкіндік болу керек», - дейді Алтай Күздібаев.