Қазақстанда ас қорыту жүйесінің сырқаттары жағынан Алматы қаласы алда келе жатыр
АЛМАТЫ. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыда 2011 жылы 100 мың тұрғынның 19 490-ының ас қорыту жүйесі сыр берген. Бұл туралы бүгін Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Дүниежүзілік ас қорыту күні шарасында айтылды.
Оны Дүниежүзілік гастроэнтерологтар ұйымының қолдауымен Қазақстанның ұлттық гастроэнтерологтар қауымдастығы мен Қазақ тағамтану академиясы ұйымдастырды. Мұндай шаралар әлемнің 50-ден астам елінде өткізілуде. Қауымдастық президенті Роза Бектаеваның айтуынша, ас қорыту жүйесі аурулары қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің сырқаттарынан кейін үшінші орында. Ол балалар мен жасөсіпірімдер арасында тыныс аурларынан кейінгі екінші орында тұр. Балалар арасында 100 мың адамға шаққанда - 15 130, жасөспірімдер арасында 30 770, ал ересектер арасында - 12410-ды құрайды. Жалпы ас қорыту жүйесі сырқаттарының ішінде гастрит, дуоденит және 12 елі тік ішек жарасы басым. Қазақстандықтардың денсаулығы негізінен желінетін тамақтың сипаты, құрамы мен деңгейіне байланысты.
«Статистикаға сүйенсек адамдардың 50 пайызының ас қорыту жүйесінің жұмысы жүйке күйзелісі, аз қимылдау, дұрыс тамақтанбау салдарынан бұзылады екен. Соның салдарынан асқазанда қыжыл пайда болады, кекіреді, адамның іші кебеді, қаталайды, метеоризге душар болады. Яғни адам денсаулығына орны толмастай зиян келтіретін негізгі фактор - тамақ құрамының дұрыс болмауы, дұрыс тамақтанбау», - дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Рақымқызы.