Қазақстанда ашық базарлардың орнына электронды базарлар ашылуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин Қазақстанда электронды базарларды құруды ұсынды. Бұл туралы ол бүгін Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірісітер департаментінің кеңейтілген отырысында мәлім етті.
«Жалпыға бірдей кірістерді декларациялау жүйесін енгізу міндеті қойылғандықтан, базарлар бізде «көлеңкелі» кірістердің барлығы бағытталатын ошаққа айналады. Бізде көлеңкелі экономиканы қысқарту бойынша үкіметтік бағдарламада көрсетілген, 2018-2019 жылдары ашық базарларды жабу жөнінде шешім шығарылуы керек. Бізде ойластырылып отырған бірқатар шешімдер бар», - деді ол.
Оның ойынша, ашық типті базарлардың орнын толтыру үшін инновациялық шешімдер де қолданылуы ықтимал.
«Біз электронды базарлар құру жөнінде ұсынысты енгізуге дайынбыз. Яғни оны қытайлық Alibaba негізінде жасауға да болады. Виртуалды базарлар құрсақ. Базарларда сатылып жатқан заттар интернетте де бар. Олардағы тауарлар бағасы да дүкендерден әлдеқайда арзан. Елорда нарығындағы тауарлар негізінен ҚХР-дан келетін арзан тауарлар екені жасырын емес. Дәл осылай бірыңғай сауда орнын құруға да болады. Онда сатып алушылар алаяқтардан қорғалатын болса, тіпті жақсы, сатушылар да суық жерде тұрмас еді, қоймалардан тауарларды алып отырса болды. Біз тауарларды жеткізу сияқты курьерлік кластерді де бір көтеріп тастар едік», - деп атап өтті ол.