Қазақстанда әскери патриоттық тәрбие берудің жаңа актісі қабылданады
«Әскери патриоттық және идеологиялық жұмыс - біздің саланың басты міндеттерінің бірі. Бұл бағыттағы шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінде азаматтарға әскери патриоттық тәрбие беру ережесі туралы Үкімет қаулысы қаралып жатыр. Аталған нормативтік-құқықтық актіні қабылдау отандастарымыздың әскери патриоттық тәрбиесін арттыра отырып, қорғаныс саласының беки түсуіне себеп болмақ. Жеке құрамның моральдық рухын нығайтуда батылдық, табандылық, намысшыл әскери қызметшілердің жаңа буынын тәрбиелеу маңызды», - деді Сұлтан Камалетдинов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министр орынбасарының мәлімдеуінше, армияға деген сенім салада атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесімен өлшенеді.
«Адамгершілік қасиет - әскери ұйымдардың дамуындағы маңызды көрсеткіш. Армияда қатал тәртіп бірінші орында болуы керек. Қарулы күштерді реформалау әскердің жауынгерлік әзірлік деңгейін сапалы арттыруды қамтамасыз ететіні сөзсіз», - дейді ол.
Сондай-ақ, спикер әскери қызметкерлерді баспанамен қамту мәселесін көтерді.
«Таяуда Мемлекет басшысы әскери сала қызметкерлердің тұрғын үй мәселесін шешуге қатысты заңға қол қойды. Аталған шара әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған», - деді С. Камалетдинов брифингте.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, әскери міндетін өтегендер мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасады.