Қазақстанда әскерилерге баспана төлемдерін есептеу өзгертілмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кейбір өңірлерде әскерилерде баспанаға бастапқы жарнаны жинақтауға мүмкіндігі жоқ. Бұл туралы бүгін сенаторлармен болған кездесуде ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде заңнама аясында тұрғын үй төлемдері өңірге қарай жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде әскерилерге бастапқы жарнаны уақтылы жинақтауға мүмкіндік бермейді», - деп тоқталды министрдің орынбасары.
Белгілі болғандай, әскери қызметшілерге арналған аталған төлемдердің ең төмен деңгейі Жамбыл облысында (18 мың теңге) болса, ал ең жоғары сома Алматы мен Астанада тіркелген.
«Осы орайда 18 мың теңгеге жинақ жүргізу қиынға түседі. Мәселені шешу үшін бірқатар ұсынысты қарастырып отырмыз. Бірінші нұсқа бойынша барлық осы төлемдерді жалпы республикалық етуге негізделген, яғни ел бойынша бір деңгейге шығару. Алайда бұл жағдайда Алматы, Астана және еліміздің батыс өңірлеріндегі әскерилерге қиын болады. Оларға арналған төлемдер азайып кетеді, сәйкесінше аталған өңірлердегі әскери қызметшілер де қажетті соманы жинай алмай қалады. Екінші нұсқаға тоқталсақ, оларды екі санатқа бөлу қарастырылды. Бірінші санатқа Алматы, Астана, Ақтау, Атырау әскерилерін, ал екінші санатқа қалған қалаларды енгізу ескерілді. Қазіргі кезде тиісті есеп-қисапты жүргізіп жатырмыз. Бұдан бөлек, үшінші нұсқада жинақ бөлігін ел бойынша орташа деңгейде белгілеп, ал арендалық бөлігін өңірлер бойынша саралау ұсынылды. 26 қазанда осы жұмыстарға кірістік. Оның қорытындысы бойынша барлық мәселені Қаржы министрлігімен келісіп, тиісті ұсынысты енгіземіз», - деді Талғат Жанжүменов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 4 мыңға тарта әскери қызметші жеке баспанасын алады.