Қазақстанда астық өңдеу саласын дамыту жөніндегі жол картасы әзірленеді
Астық жөніндегі халықаралық кеңестің есебіне сәйкес, астық өндірісінің Ресейде, Канадада, Аустралияда өсуіне байланысты 2020 жылғы өнім көлемі әлемдік рекордтық деңгейде – 2,2 трлн тонна болады деп бағалануда (2019 жылы – 2,1 трлн тонна). Маусым жоғары астық қалдық қорымен – 630 млн тонна мөлшерінде аяқталады. Оның ішінде Астық жөніндегі халықаралық кеңес Қазақстанда 17,7 млн тонна көлемінде астық жиналады деп болжауда. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдын ала есептеуіне қарағанда, өнім 18 млн тоннаны құрайды.
Аталған халықаралық кеңестің бағалауы бойынша әлемде бидай өндіру көлемі 763,3 млн тоннаны, оның ішінде Қазақстанда 12,4 млн тоннаны (2019 жылы – 11,5 млн тонна) қамтиды.
Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жаңа маусымда қазақстандық бидай мен ұнның негізгі жеткізілімдері дәстүрлі түрде Орта Азия елдері мен Ауғанстан нарығына жолданатынын жеткізді. Астық сапасының жоғары болуынан Қытайға бидай (HI-Pro) жөнелтілімі артуы мүмкін.
18,2 млн тонна астық бастырылды
«Биыл елімізде егін жинау жұмыстары уақтылы басталды, бұл ретте егін жинау науқанының қарқыны өткен жылға қарағанда жоғары. Мәселен, бүгінде республика бойынша барлығы 14,8 млн гектардан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы жиналатын алаңының 93,4 пайызында егін жиналды. Ал өткен жылы осындай уақытта 10,3 млн гектар немесе 67,6 пайызы жиналған болатын. Гектарына 12,3 центнер орташа түсімділікпен 18,2 млн тонна астық бастырылды (2019 жылы – 11,4 млн тонна)», - деді министр Үкімет отырысында.
Осы орайда ол дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің болжамды көлемі елдің ішкі қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазіргі кезде егіннің сапалы сақталуын қамтамасыз ету маңызды болып отыр. Жалпы алғанда, елдегі қолда бар сақтау қуаттылығы, өткен жылдардағы ауыспалы қалдықтарды есепке алғанда, болжамды өнім түсімін сақтау үшін жеткілікті. Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаны құрайды, оның 12,1 млн тоннасы – астық қабылдау кәсіпорындарында, 16,7 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы өндірушілерінде.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 3 млн тонна астық түсті. Биылғы 18 қыркүйектегі жағдай бойынша элеваторларға: 2,4 млн тонна бидай, 504,6 мың тонна арпа, 114,5 мың тонна басқа дақылдар (сұлы, тары, қарақұмық, күріш) түсті. Аталған деректер егін жинау қарқынының өткен жылмен салыстырғанда жоғары екендігін растайды.
Сапархан Омаровтың атап өтуінше, жаңа егін астығының сапасы жоғары көрсеткіштерге де ие екенін байқауға болады. Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 83,8 пайызы 1-3-сыныптарға жатқызылды, бұл көрсеткіш 2019 жылы 67,2 пайызды құраған болатын.
Тиісінше 4-5 сыныпты және сыныпсыз бидайдың үлесі 2019 жылғы 32,8 пайыздан 16,2 пайызға дейін төмендеген.
«Астық қабылдау кәсіпорындарына түскен астық сапасы туралы деректерге қарағанда, дән маңызы жоғары бидай үлесінің едәуір өскені байқалуда, бұл бидайдың маңызды сапалық көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Стандартқа сәйкес 3-сыныпты бидайдағы дән маңызының мөлшері 23 пайызды құрауы тиіс. Биыл бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғарылады. Мәселен, 3-сыныпты бидай көлемінде дән маңызы 25-27 пайыз болатын астық үлесі 25,4 пайызға жетті. 2019 жылы бұл көрсеткіш 23,4 пайызды құраған еді. Ал дән маңызының мөлшері 28% және одан жоғары болатын жоғары сапалы, жоғары сұранысқа ие HI-Pro бидайының үлесі 59 пайызға жетті, өткен жылы бұл 42,8 пайыз болатын», - деді министр.
Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің көптеген өтініштері бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, оны өткізу үшін республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кепілмен қамтамасыз етуге қатысты қиындықтарын ескере отырып, форвардтық сатып алу әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кепілдігімен жүзеге асырылды. 516 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға келісімшарт жасалды.
«Нарықтағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ бидайды сатып алу бағаларын сапасына қарай 83-87 мың теңге дәлізінде, 4-сыныпты бидайға - 78 мың теңге, 2-сыныпты арпаға - 50 мың теңге деңгейінде белгілеуді ұсынады», - деді С. Омаров.
Форвардтық мәмілелер бойынша күнбағыс пен қарақұмықтың сатып алу бағалары осы дақылдарды жинау аяқталған соң белгіленбек. Бұл ретте сатып алу бағасын белгілеу кезінде отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдаудан басқа ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі де ескерілді.
Астық өнімдерінің экспорттық әлеуеті
Қазіргі уақытта егін жинау жұмысының 93 пайызы орындалды, орташа түсім бір гектардан 12,2 центнерді құрады.
Премьер-Министр Асқар Маминнің есебі бойынша биылғы астықтың экспорттық әлеуеті шамамен 7,5-8 млн тонна болады, бұл өткен жылғыдан кемінде 12,5 пайызға көп.
Жаһандық үрдіске қарағанда әлемдік нарықта азық-түлікке сұраныс пен оның бағасы ұлғая береді.
«Сондықтан біздің басым міндетіміз - астық өсіру мен одан жасалатын өнімдер экспортының көлемін айтарлықтай ұлғайту. Бізде жоғары сапалы нан өнімдерінің өндірісімен қатар, астықты терең өңдеу үлгілері де бар. Атап айтқанда, глютен, крахмал және биоэтанол өндірісі. Жалпы, елімізде астық және одан жасалатын өнімдердің экспорттық әлеуеті өте жоғары. Осы әлеуетті барынша іске асыруымыз қажет», - деді Асқар Мамин.
Үкімет отырысында Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне астық және астық бұршақ тұқымдас дақылдарды өңдеу саласын, сонымен қатар экспорттық әлеуетті дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Бұған қоса Асқар Мамин әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне егін жинауды қысқа мерзімде аяқтап, егіннің сақталуын қамтамасыз етуі бойынша тапсырма берді.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі астықтың сатып алу бағасын белгілеуді қамтамасыз етсін және нарыққа қатысушыларды хабардар етсін. Әкімдерге форвардтық сатып алу механизмі арқылы қаражаттың қайтып келуін қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.
Индустрия министрлігіне «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, астықты үздіксіз тасымалдау үшін жылжымалы құраммен қамтамасыз ету шараларын қабылдау жүктелді.