Қазақстанда астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаға жетті
«Келесі қадам – егіннің сандық және сапалық сақталуын қамтамасыз ету. Жалпы алғанда, елдегі қолда бар сақтау қуаттылығы, өткен жылдардағы ауыспалы қалдықтарды есепке алғанда, болжамды өнім түсімін сақтау үшін жеткілікті. Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаны құрайды, оның 12,1 млн тоннасы – астық қабылдау кәсіпорындарында, 16,7 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы өндірушілерінде. Сонымен қатар, әкімдіктер элеваторлардың 2020 жылғы түсімді уақтылы қабылдауына үнемі мониторинг жүргізуі, астықтың үздіксіз орын ауыстыруын тұрақты бақылауда ұстауы қажет», - деді министр Үкімет отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 3 млн тонна астық түсті. Бұл 2019 жылғы осындай мерзімде астық қабылдау кәсіпорындарына сақтауға келіп түскен астық көлемінен 2,1 есе көп.
Мәселен, биылғы 18 қыркүйектегі жағдай бойынша элеваторларға:
2,4 млн тонна бидай түсті, бұл 2019 жылға қарағанда (848,6 мың тонна) 2,8 есе көп;
504,6 мың тонна арпа түсті, бұл 2019 жылғы деңгейден 2 пайызға артық;
114,5 мың тонна басқа дақылдар (сұлы, тары, қарақұмық, күріш) түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артық.
«Аталған деректер егін жинау қарқынының өткен жылмен салыстырғанда жоғары екендігін тағы бір рет растайды», - деді С. Омаров.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл гектарына 12,3 центнер орташа түсімділікпен 18,2 млн тонна астық бастырылды.