Қазақстанда атпен серуендеу қызметінің құны қанша
АСТАНА. KAZINFORM – Жаздың демалысында атпен серуендеп, далада еркін тыныстауға мүмкіндік мол. Kazinform тілшісі өңірлердегі атпен серуендеу қызметінің бағасын білді. Сонымен қатар бірнеше сағатқа созылатын тур, VIP-бағдарлама мен фотосессия ұйымдастыру және атқа міну, шабу, киіз үйде тынығу құнын есептелді.
Еліміз бойынша Ақтау және Қызылорда қалаларында атқа мініп, серуендеу қызметінің құны – 3 000 теңге. Ақтөбе қаласында да бір сағаттық қызметтің бағасы бірдей. Тек атқа мініп шапса 20 минутқа 5 000 теңге төлейді. Егер атқа мінуді үйренгісі келсе 4 жаттығуы 20 мың теңге болады.
Түркістан қаласындағы туристік орындарда баға маршрут пен уақытына қарай өзгеріп отырады. Сағатына 4 000 теңгеден (Төлеби ауданындағы демалыс орны) басталады. Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында (Түлкібас ауданы) 6-7 сағаттық серуен бағасы – 10 000 теңге. Оған табиғи қорық аумағына кіру ақысы, экскурсовод қызметі мен атты жалға алу құны кіреді. Кейбір туристік орындарда 20 минуттық серуен бағасы – 3 000 теңге.
Таяуда қала ішіндегі жаңа ипподромда атпен серуендеу қызметі қосылады. Басшыларының айтуынша, қазіргі кезде құжаттырды рәсімдеу жұмысы аяқталып қалды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында туристер атқа мініп, серуендеп жүр. Бір айналымы, яғни 5 минуттық серуен қызметінің бағасы мың теңге. Дәл осылай түйеге де мінуге болады.
Еліміздегі көп өңірде баға 5 000 теңгеден басталады. Мәселен Тараз қаласында бірден екі сағатты таңдасаңыз әр сағатын 4 500 теңгеге есептеп береді. Келушілерді фото және видеоға түсіреді. Сонымен бірге қалада психоневрологиялық дертке шалдыққан балаларды емтейтін иппотерапия орталығы бар. Мұнда 18 жасқа дейін тегін қызмет көрсетеді. Әр бала кем дегенде 20-25 минут серуендейді.
Талдықорған қаласында баға осы шамалас: сағатына 5 000 теңге. Мұнда келушілер VIP-аттар береді. Жүйрік атқа міну қызметі сағатына 7 000 теңге. Сонымен бірге екі сағаттық тур бағасы – 12 000 теңге. Атқа мінген соң киіз үй ішінде бір сағат тегін тынығасыз.
Қостанай қаласында да орман ішінде бір сағат атпен серуендеп, қызметіне 5 000 теңге төлейсіз. Балалар атқа немесе пониге мінсе екі айналымға 500 теңге алады. Сонымен бірге клубта атпен фотосессия қызметі – 8 000 – 12 000 теңге. Атқа мінуді үйренгісі келетін адам 12 сағаттық жаттығуға 25 000 теңге төлейді.
Қарағанды қаласында атқа мініп, бір сағат серуендеу қызметінің құны – 5 000 – 10 000 теңге аралығында. Баға қызмет көрсетуші клуб пен бағдарламаға қарай өзгеріп отырады. Жезқазған қаласында да баға шамалас. Қызмет құны 5 000 – 8 000 теңге аралығында.
Петропавл қаласында атқа мініп, 30 минут серуендесе 3 000 – 4 000 теңге, ал сағатына 5 000 – 8 000 теңге. Егер атқа мінуді үйренгісі келсе, бір жаттығуға 8 000 теңге төлеуге туралы келеді.
Орал қаласында атпен серуен қызметін ұсынатын бірнеше кешен бар. Мұнда баға – 5 000 – 10 000 теңге аралығында. Бағаға таңдау маршруты әсер етеді. Егер фотосессия жасаса, 5 000 теңгеден басталады.
Атырау қаласында бір сағаттық серуен құны – 5 000 теңге. Атты жетектеп жүрсе 2 000 теңге төлейді. Атқа міну, қауіпсіздік ережелерін үйрену жаттығуы 10 000 теңге болса, 10 жаттығу бағасы – 90 000 теңге. Абонемент бір айға беріледі.
Шымкент қаласында атпен 45 минуттық серуен құны 5 000 теңгеден басталады. Ал атқа мініп шапса 15 000 теңге төлейді, жаттықтырушы қызметі қосылса 45 минуты 14 000 теңге болады. Сонымен бірге атпен серуен туры ұйымдастырылады. Бағасы 12 000 теңгеден басталады. Оған барып-келу қызметі, 1-2 сағат бойы атқа міну, нұсқаушы мен гид қызметі, фото және видео түсірілім, садақ ату қызметі кіреді. VIP-тур бағасы 15 000 теңге болады. Оған дрон, кәсіби фото және видео түсірілімі тегін қосылады.
Сонымен бірге атпен ұзағырақ (екі сағаттан астам) серуендеп, жеке гид қызметін алады. Ұйымдастырушылар Қырғызлы шатқалына арнайы тур ұсынады. Мұнда үш сағат атқа мінуге болады. Ал Сайрамсу шатқалындағы 5-6 сағаттық серуен құны – 20 мың теңге. Оған апарып, әкелетін көлік, гид пен нұсқаушы қызметі, ат, фотосессия, жаңбырдан қорғайтын киім, ұлттық парк аумағына кіру құны кіреді.
Астанада бір сағатқа 6 000 теңге төлейді. Нұсқаушы көмекке келсе 8 000 теңге, жеке жаттығу 12 000 теңге. Бір сағаттық фотосессия мен атты жалға алу құны да осы шамада. Сағатына 15 000 теңге төлеп, жүйрік атты жалға алуға болады. Ал орман ішіндегі серуен құны 10 000 теңге, екі сағаты 16 000 теңге. Балалар қоршау ішінде атпен серуендесе 30 минутқа 4 000 теңге, бір сағаты 6 000 теңге. Атбегі қызметі – 3 000 теңге.
Көкшетаулықтар бір сағатқа 6 000 теңге төлейді. Сонымен бірге «Бурабай» ұлттық паркінде де серуен құруға болады. Мұнда 30-40 минуты – 7 000 теңге. Оған нұсқаушы және тасымалдау қызметі кіреді. Яғни атпен серуендеу орнына жеткізеді. Нұсқаушы қауіпсіздік ережелерін үйретіп, фотоға түсетін аймақтарды көрсетеді. Садақ атып, қымыз ішуге де болады. Ал атқа мініп, серуен құру уақытын 50-60 минутқа дейін созса, бағасы – 10 000 теңге.
Павлодарда бір сағаттық серуен қызметінің құны 7 000 теңгеден басталады. Кейбір клубта 45 минуттық серуен құны 5 000 теңге. Жеке жаттығу өткізу, атқа мінуді үйрету сағатына 10 000 теңге, ал атпен шабу – 15 000 теңге. Кейбірі ұзақ уақыт жүруді қаласа, үш сағаттық қызметті таңдайды. Бағасы – 15 000 теңге.
Семей қаласында 30 минуттық серуен құны 3 500 теңге, сағаты 7 000 теңге. Жарты сағат шапса 4 000 теңге, ал бір сағаты 8 000 теңге болып тұр. Оған нұсқаушы кеңесі кіреді. Алтыбақан тепсе де болады.
Алматы мен Қонаев қалаларында бір сағаттық серуен құны көбінде 7 000 теңгеден басталады. Кейбірі атқа мініп шабуға рұқсат береді. Ал егер атпен серуен құрған уақыт 1,5 сағатқа созылса 9 500 теңге, екі сағатқа 13 000 теңге төлейді. Арнайы тур да бар. Бағасы – 16 990 теңге. Оған атпен серуендеу орнына апарып, әкелу қызметі кіреді.
Табиғат аясында 2-2,5 сағат бойы атқа мініп, фотоға, видеоға түсесіз. Нұсқаушы жаныңыздан табылады, қажет болса садақ атасыз. Дрон қызметі де ұсынылады. Бауырсақ жеп, шай ішесіз. Керемет табиғатты тамашалап, таза ауада кең тыныстауды қалайтын адамдар екі сағаттық серуенге 20 000 теңге төлейді. Онда да бауырсақ пен шай ұсынады.
Өскемен қаласында бір сағаттық серуен құны 8 000 теңге, жарты сағаты 6 000 теңге. Ал 45 минуты 7 000 теңге болып тұр. Иппотерапия қызметі (25 минут) – 5 000 теңге. Клуб атпен фотосессия жасау қызметін ұсынады. Сағаты – 12 000 теңге. Ал 1,5–2 сағатқа созылатын топтық экскурсия қызметінің құны әр адам басына 4 000 теңге (10 адамнан басталады).
Бұған дейін Kazinform Қазақстандағы көшіп-қону қызметінің құнын білді.