Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалар санының күрт өсуі байқалады - баспасөз мәслихаты
АЛМАТЫ. 24 Қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалар санының күрт өсуі байқалады. Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстандағы аутизм мәселесіне арналған баспасөз мәслихатында республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықтың психологиялық-медициналық-педагогикалық ақыл-кеңес меңгерушісі Әлия Ерсарина айтты.
Елімізде аутизммен ауыратын балалар туралы ресми мағлұматтар күмән тудырады, өйткені аутизммен сырқаттанатын балаларды анықтаудың ұйымдасқан жүйесі жоқ. Қазіргі кезде әлемде шамамен 67 млн. адам аутизмнен зардап шегеді. Елімізде соңғы уақытта аутизмге шалдыққан балалардың саны күрт өскені байқалуда. Облыстық психология-медициналық педагогикалық консультациялардың статистикалық есебіне сүйенсек, 2003 жылы аутизмге шалдыққан 77 бала болса, 2006 жылы 255 бала, 2009 жылы 326 бала тіркелген.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің балалар бас неврологы, профессор Маржан Лепесованың айтуынша, аутизммен ауыратын балаларды анықтау жүйесінің дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан Қазақстанда ондай балаларға тиімді көмек көрсету жүйесін қалыптастыру қиынға соғуда. "Сондықтан бүгінде бұл мәселеге қатысты проблемалар баршылық. Аутизм мен соған ұқсас ауытқу белгілері бар балалардың 90 пайыздан астамы арнайы оқумен қамтылмағандықтан, ауыр психикалық мүгедек болып қалуда. Оған қоса, осындай балаларға ізгілік қарым-қатынас жағы да ақсап тұр. Сондықтан аутизмге шалдыққан бала тәрбиелеп отырған отбасылар айналадағы адамдар тарапынан түсінбестікке тап болуда, оларды жұрттың өздеріне жиіркене қарайтыны қинайды. Бұл аутизмге шалдыққан адамдардың әлеуметтік ортаға бейімделуін одан сайын қиындата түсуде. Оның айтуынша, дер кезінде және дұрыс көмек көрсетілген жағдайда ғана мұндай балалардың 60 пайызға жуығы мектеп бағдарламасына ілесіп, білім ала алады. "Олардың бәрін де отбасында бейімдеуге болады", - деп атап өтті ол.
"Ашық әлем" қоғамдық қорының президенті Әлия Арқарованың айтуынша, қоғамда сырқатқа қатысты түсінікті тереңдету үшін ағартушылық қызметпен қатар, насихат жұмыстарын өрістету қажет. «Сонымен қатар, бұл аурудың алдын алу маңызды. Әр ата-ана бұл ауру жайында білуі тиіс. Сонымен қатар, учаскелік педиатр да бұған жіті қарауы керек», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, аутизм (адамның психикасындағы ауытқулар) белгілерінің 90 пайызы 3 жасқа дейін білінеді. «Көбіне бұл ауруға ұлдар шалдығады. Ондай адам адамдармен араласу, әлеуметтік қарым-қатынас жасау қабілетінен айырылады. Оның сөйлеу қабілеті бұзылып, психикасы мен ақыл-есі дұрыс жетілмейді. Бірақ, аутизммен ауыратындардың интеллектуалдық деңгейі әртүрлі болады. Кейбірінің санасы мүлде дамымай, кенже қалса, енді біреулері білім мен өнердің жекелеген салалары бойынша дарынды болып келеді. Аутизм негізінен балалардың сырқаты», - деді Ә. Арқарова.
"Жұлдызды балалар" қоғамдық қорының құрылтайшысы Ұлан Сатыбалдиев мәслихат барысында аутизммен сырқаттанатын балаларды емдеуге арналған орталықты салуға Алматы облысы Шамалған аумағында бір гектар жер өз қаражатымызға сатып алынды деп хабарлады. «"Ашық әлем" қоғамдық қорымен бірігіп арнайы медициналық орталық салуды жоспарлап отырмыз. Ол орталық мұндай аурумен ауыратын балаларға көмектесетін, олардың отбасыларына қолдау көрсететін, аурудың алдын алатын орын болатынына сенемін», - деді ол.