Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар саны екі есе өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде аутизм дертіне шалдыққан 8,5 мыңнан астам бала тіркелген. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар саны екі есе өсті

«Бүгінде республикада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 175 082-ден астам бала есепте тұр. Оның ішінде аутизммен ауыратындар – 8 796 (ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жалпы санының 5%-ы). Айта кету керек, аутизм спектрінің бұзылуы диагнозы қойылған балалардың саны кейінгі бес жылда екі есеге жуық өсті. Жылдарға тоқталсақ, 2018 жылы аутизммен ауыратын 4 707 бала анықталды, 2019 жылы – 5 193, 2020 жылы – 6 771, 2021 жылы – 8 796, 2022 жылы – 9 мыңнан астам бала», - деп жазды Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, еліміздің 18 жоғары оқу орнында ерекше күтімді қажет ететін, оның ішінде аутизмі бар балаларды сүйемелдейтін мамандар даярлайды.

«Арнайы педагогика» мамандығы Абай атындағы Алматы университеті, Қыздар университеті, С. Аманжолов атындағы ШҚО мемлекеттік университеті, М. Қозыбаев атындағы СҚО мемлекеттік университеті, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, М. Әуезов атындағы ОҚО университеті, М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, «Болашақ» университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, ОҚМПУ, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Ш. Есенов атындағы Ақтау университеті, «Bolashaq» академиясы, Ә. Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті және «Мирас» университеті.

2021-2022 оқу жылынан бастап 5 447 студент білім алып жатыр. Оның ішінде бакалавриатта – 5 004 адам (мемлекеттік тапсырыс бойынша – 1 583), магистратурада – 402 адам (мемлекеттік тапсырыс бойынша – 287), мемлекеттік тапсырыс бойынша докторантурада – 41 адам.

Биыл аталған мамандық бойынша 2 562 маман оқуды аяқтады. Жоғары оқу орындарында арнайы педагогика (36 – бакалавриат, 20 – магистратура, 2 – докторантура) бойынша, оның ішінде логопедия, сурдопедагогика, дефектология бойынша 58 бағдарлама әзірленіп, іске асырылып жатыр.

«Арнайы педагогика мамандығы бойынша бағдарлама әзірлеуге сала мамандары, яғни интеграцияланған және инклюзивті оқыту, баланы дамыту орталықтары, балалар үйлері, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік сүйемелдеу орталықтары, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, тағы сол сияқты мекеме педагогтері белсенді тартылады», - деп толықтырды Үкімет басшысының орынбасары.