Қазақстанда ауыл шаруашылығы құрылымындағы кооперативтердің үлесі 1 пайызға да жетпейді - А.Мамытбеков
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен «Қазақстан Республикасындағы кооперация мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы құрылымындағы кооперативтердің үлесі 1 пайызға да жетпейді. 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға сәйкес 1545 ауылдық тұтыну кооперативі, 346 су пайдаланушылардың ауылдық тұтынушылық кооперативі және 1473 өндірістік кооператив тіркелген», - деді ол.
Бұл ретте министрдің атап өтуінше, 1473 өндірістік кооперативтің 1006-сы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Ал мұндай кооперативтердің Қостанай облысында 1-еуі, Павлодар облысында - 5-еуі, СҚО-да - 13-і, Ақмола облысында - 15-і ғана бар.
«Біз, әрине, мұның барлығын әкімшілік жолдар арқылы не болмаса қандай да бір қысыммен шешу қажет деген ойдан аулақпыз. Кооперация, бірігу мәселелеріне тосқауыл болатын жайттар бар. Сараптама жасай отырып, біздер бұл үдерістерді реттеу сынды проблеманың бар екендігін анықтадық», - деді А.Мамытбеков.