Қазақстанда ауылдардың бас жоспары жасалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауылдардың бас жоспары жасалатын болады. Бұл туралы бүгiн Астанада "Қазақстанның өңiрлерiн дамытуға арналған мүмкiндiктер, жағдайлар және ұсыныстар" атты халықаралық конференцияда ҚР Өңiрлiк даму министрi Болат Жәмiшев мәлiм еттi.
Оның атап көрсеткенiндей, бас жоспар жасау мәселесi түбегейлi тек ауылдық елдi мекендерге қатысты болмақ. Барлық облыс орталықтарында бас жоспарды өзгерту бойынша жоспар жоқ. Себебi, қалалардың бас жоспары ол ескiрген жағдайда немесе шаһар кеңейген тұста заң аясында жаңартылып отырады.
"Елдi мекендер бас жоспармен қамтамасыз етiлуi тиiс. Сондықтан қазiргi уақытта елдi мекендерге, соның iшiнде ауылдық округтерге бас жоспар жасау мәселесi шешiлуде. Ауылдық пункттердiң барлығы бiрдей бұл жоспарға ие емес екенiн көрiп отырмыз. Ал қалаларға келетiн болсақ, оның бас жоспарын тек ескiрген жағдайда қарастыратын боламыз", - дедi ол.