Қазақстанда ауылдарға жоғары жылдамдықты интернетті тартуға шетел инвесторлары қосылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақтелеком» АҚ еліміздің ауылдық жерлерін кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасын іске асыру бойынша шетел инвесторларын іздестіруде. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Голобурда мәлім етті.
«Ауылдық жерлерді сапалы кең жолақты интернет қызметімен қамтамасыз ету үшін 2016 жылдан бастап елді мекендерде байланыстың талшықты-оптикалық желілері құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жобаны іске асыру мемлекеттік-жеке серіктестік базасында жүзеге асырылады, оның ішінде сыртқы инвесторларды тарту ескерілген. Қазіргі кезде «Қазақтелеком» АҚ әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізуде. Жобаға шамамен 66 млрд. теңге инвестиция салу қажеттілік етеді», - деді ол. Осы орайда төрағаның орынбасары жоба 2016 жылдан 2020 жыл аралығында үш кезеңде жүзеге асырылатынын атап өтті. Жылдамдығы жоғары интернет 250 тұрғыны бар ауылдарға жетеді. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда 6,7 мыңға жуық елді мекендер бар. Бұл ауылдарда 7,5 млн. адам өмір сүруде. Тек 1041 елді мекен кең жолақты интернеттің қызметтеріне қосылып отыр. Ал 5658 ауылдық жердегі 4 миллионға жуық тұрғын жоғары жылдамдықты интернетке қосылмаған көрінеді.