Қазақстанда автокөлік құны қымбаттамайды

Оның айтуынша, жекелеген компаниялар жазғы маусымдағы жеңілдіктерін шегерді. Соның есебінен еліміздегі кейбір автокөліктер бағасы 6 пайызға өсті. Бірақ бұл аталған тауар теңгеге қатысты жағдайдан 30 пайызға және одан жоғары көтерілді деген сөз емес. «Бізге мемлекеттік бағдарлама арқылы несиелендіруді дамыту үшін Үкіметтен екінші деңгейдегі банктер арқылы 15 млрд. теңге бөлінді. Барлық бағдарламалар бойынша, бұл қаражат игерілуде, автокөліктердің құны ешқандай өзгерген жоқ. Сондықтан, бұл жерде дүрлігуге де ешбір себеп жоқ»,- деді А. Лаврентьев. Ол сондай-ақ, «Астана мотор групп», «Аллюр групп» сияқты кейбір компаниялар автокөлік сатуды доғарды» деген баспасөздегі ақпаратты жоққа шығарды.
Қазақстандық автокөлік бизнесі қауымдастығының басшысы бүгінге дейін еліміздің аумағында тұрған автокөліктердің құны қымбаттамайтынына сендірді. Себебі, автокөлік құрастыратын кәсіпорындардың алаңқайларында тұрған көліктердің бәрінің бағасы белгіленген. - Қауымдастық күн сайын бағаның өсу-өспеуін болжау үшін, барлық өндірушілер, дилерлер мен дистрибьютерлердің жұмысына мониторинг жүргізеді. Көптеген компаниялар бағамның валюталық дәлізін 1 долларға - 200 теңге көлемінде белгіледі. Мысалы, «СемАЗ», «Агромашхолдинг», «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» сияқты компаниялар өз нақты бағасын белгіледі, және оларды көтеруге ниеті жоқ,- деп атап өтті қауымдастық басшысы.
«2015 жылдың соңына дейін Қазақстанда құрастырылатын автокөліктер құны қымбаттай ма?» деген сауалға Андрей Лаврентьев былай жауап қайырды: «Менің ойымша, баға өзгермейді. Сарапшы ретінде айтарым, теңгенің бағамы жыл соңына дейін өспейді. Кейбір компаниялар қандай да бір модельдердің бағасын өсіруі мүмкін, бірақ ол теңге бағамы бойынша 30-35 пайызға қымбаттамайды. Шетелдерден әкелінетін жаңа модельдердің құны әрі кеткенде 5-6 пайызға өсуі мүмкін». Сонымен қатар, отандық сарапшы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғандықтан, халықаралық автокөлік зауыттары мен дистрибьюторлар үлкен нарықтағы орташа бағаны теңестіретінін түсіндірді. Ондай жағдайда Қазақстанда сатылатын автокөліктер бағасы Ресейде сатылатын автокөліктерден 5 пайызға қымбат болуы мүмкін емес.
Ол «СемАЗ», «Агромашхолдинг», «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» компанияларының, атап айтқанда, Ssang Yong, Peugeot, Geely, JAC сияқты маркалы автокөліктер құны қымбаттамайтынын атап айтты. Сондай-ақ, «Камазинжиниринг» компаниясы да рубль бағамымен жұмыс істейтіндіктен, теңгенің еркін айырбас бағамына көшуі оған әсер етпейді. Алайда, Андрей Лаврентьев «Азия Авто» компаниясына қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Әмірлан Әлімжан