Қазақстанда авторлық құқықты бұзуға қатысты 98 қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда авторлық құқықтың бұзылуына қатысты 98 қылмыстық іс қозғалды.
Келтірілген шығын көлемі 554,7 млн. теңгеге бағалануда. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ералы Нұралиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«9 айдың қорытындысында экономикалық тергеулер қызметінің өндірісінде 168 қылмыстық іс болды. Оның ішінде 98 қылмыстық іс ҚР ҚК «Авторлық және аралас құқықты бұзу» 198-бабы, 70 қылмыстық іс «Тауар белгілерін заңсыз пайдалану» 222-бабы бойынша қозғалған. Келтірілген шығын 554,7 млн. теңге сомасына бағалануда. Оның 332,1 млн. теңгесі өндірілді», - деді Нұралиев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта зияткерлік меншік нысандары құқығын қорғау шаралары құқық иеленушінің өтініші бойынша зияткерлік меншік нысандарының кедендік тізілімі негізінде қабылданады.
«1 қазандағы жағдай бойынша Зияткерлік меншік нысандарының кедендік тізіліміне 3628 тауар атауы бойынша 418 тауар белгісі қосылған. 2016 жылдың 9 айында жалпы сомасы 8,5 млн. АҚШ долларлық зияткерлік меншік құқығының бұзылу белгісі бар тауарлардың 371 декларациясы бойынша тауарларды шығару тоқтатылды», - деді ол.