Қазақстанда әйелдер басқаратын шағын және орта бизнес субъектілер саны 41,5 пайызды құрап отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, бүгінгі таңда елімізде әйел азаматшалар басқаратын әрі белсенді қызмет етіп жатқан 640,5 мың шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Олардың ішінде 542,9 мыңы - жеке кәсіпкерлер. Сонымен қатар, әйелдер басқаратын шағын және орта бизнес субъектілер саны 41,5 пайызды құрап отыр.
Мәліметтерге сүйенсек, әйелдер басқаратын шағын және орта бизнес субъектілері негізінен жаппай және бөлшек сауда саласында қызмет етеді және олардың үлесі бұндай кәсіпорындардың жалпы санының 51 пайызын құрап отыр. Бұдан кейінгі кезекте ауыл шаруашылығында (15,5 пайыз), сондай ақ басқа да қызметтер, соның ішінде қонақ үй мен тамақтандыру қызметі саласында (13 пайыз) әйелдер бизнесінің белсенділігі артқан.