Қазақстанда айналымнан 1 тоннадан астам есірткі заты алынды
«Еліміздің оңтүстік өңірлерінде қарасораны өсіруге, дайындауға және әкетуге қарсы іс-қимылға, сондай-ақ есірткіні, оның ішінде олардың жаңа түрлерін таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметіне жол бермеуге бағытталған «Қарасора» арнайы операциясы жалғасуда. Іс-шараларға ІІМ, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігінің арнайы бөлімшелері жұмылдырылды. Әуеден барлау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен апталық брифингте.
Шұғыла Тұрлыбектің дерегінше, «Қарасора» арнайы операциясының бір айында полицейлер 233 қылмысты анықтады.
«Оның ішінде 87-сі сату фактісі, аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтаудың 33, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 86 фактісі, 4 есірткі зертханасы анықталды. Заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі, оның ішінде 642 келі марихуана, 29 келі гашиш, 4 келі синтетика және шамамен 1 келі героин тәркіленді», - деді министрлік өкілі.