Қазақстанда айыппұл салу процесін қадағалау күшейтіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің төрағасы Бағдат Мусин ел өңірлеріне жасаған жұмыс сапары туралы баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барлық жерде әртүрлі тәжірибе бар, яғни олардың кейбірі жақсы үрдіс болса, қалғандары кемшіліктері толы. Мәселен, бір жерлерде әкімдер толық қолдау жасаса, ал бірқатар өңірде бұл тек жоспар деңгейінде ғана. Алайда Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі іс жүзінде жұмыс істеп тұр. Осы орайда Алматы мен Астана көш басында. Сонымен қатар Тараз қаласын да ерекше атап өткім келеді», - деп жазды Б. Мусин Facebook-тегі парақшасында.
Оның атап өтуінше, Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімі айыппұл жазу бойынша ағымдағы процестерді автоматтандырумен қатар, барлық фото/видео тіркеу жүйелерімен интеграцияны қамтиды.
«Бірыңғай стандарттардың болмауынан, соңғы 10 жылда әр қала өз бетінше фото/видео тіркеу жүйелерін орнатып келді. Енді қазіргі кезде бұның барлығы интеграциялық процестерге тиісті қиындықтарды туындатып отыр. Сондықтан алдағы уақытта осындай жағдайға жол бермес үшін, бірыңғай тізілім жобасы аясында «Сергек» әзірлеушілерімен бірге процессинг жүйесі даярланды. Бұл өз кезегінде әмбебап бағдарлама ретінде кез келген жүйелердің барлық айыппұлдарын процестен өткізуге пайдаланылады», - деді Бағдат Мусин.
Осы орайда айыппұлдар туралы мәліметтерді өңдеу мен шешім қабылдау, айыппұл салудың дұрыстығын айқындау шаралары ескеріліп отыр.
Оның сөзіне қарағанда, бұл қадамдар ішкі істер органдары қызметкерлеріне аталған процесті тіркеместен айыппұлдарды өшіруге рұқсат етпейді.
«Егер де барлығы Әкімшілік іс жүргізулердің бірыңғай тізілімінде біріктірілсе, органдардың құзыретті қызметкерлері айыппұлдарды із-түзсіз өшіре алмайды. Ал қадағалайтын орган кабинеттен шықпастан, бірыңғай тізілім жүйесі көмегімен заңдылықты бақылайды», - деп түсіндірді комитет басшысы.