Қазақстанда Азия даму банкінің жаңа директоры тағайындалды

Уцава Кумар
Фото: adb.org

АСТАНА. KAZINFORM – Азия даму банкі Уцав Кумарды Қазақстан бойынша жаңа директор етіп тағайындады. Бұл туралы аталған банктің баспасөз қызметінен мәлімделді.

Уцав Кумар бұл лауазымға банкті 2020 жылдан бері басқарып келген Нариман Манапбековтің орнына келді және жақында Азия даму банкі Орталық және Батыс Азия департаментінің кеңесшісі болып тағайындалды.

Азия даму банкінің баспасөз қызметі атап өткендей, Уцав Кумар банктің операцияларына басшылық жасайды, оның Үкіметпен және басқа да мүдделі тараптармен қарым-қатынасын нығайтады. Сонымен қатар Азия даму банкінің 2023-2027 жылдарға арналған әріптестік стратегиясын іске асыруға жетекшілік етеді. Стратегия – мемлекеттік және жеке секторлардың инвестициялары, білім және институционалдық даму саласындағы инновациялық шешімдер есебінен тұрақты және инклюзивті өсуге қол жеткізуге көмек көрсетуге бағытталған.

«Азия даму банкі 30 жыл бойы Қазақстанның даму саласындағы сенімді серіктесі. Мен ел дамуының басымдықтарын қолдау үшін біздің берік серіктестігімізді нығайтуды және Үкімет, жеке сектор және басқа да мүдделі тараптармен тығыз жұмыс істеуді асыға күтемін. Біз Қазақстанға климаттың өзгеруі мен экономиканы декарбонизациялау салдарын еңсеруде, инклюзивті экономикалық өсуге жәрдемдесуде және мемлекеттік басқаруды нығайтуда көмек көрсетуді жалғастырамыз», - деді Уцав Кумар.

Оның 18 жылдық халықаралық тәжірибесі бар, оның ішінде Азия даму банкінде 11 жылдан аса еңбек етіп келеді. Қазақстанда лауазымды қызметке тағайындалғанға дейін ол Шри-Ланкадағы Азия даму банкінің ел директорының орынбасары қызметін атқарды. У.Кумар елдік бағдарламалар, білім және экономика бойынша жұмысты басқарды, сонымен қатар клиенттермен өзара әрекеттесудің және даму серіктестерін үйлестірудің әртүрлі аспектілерін басқаруға көмектесті.

Уцав Кумар - Үндістан азаматы, АҚШ-тағы Колледж паркінде Мэриленд университетінің экономика ғылымдарының докторы және магистрі, Үндістандағы Дели университетінің экономика магистрі және бакалавры.

Соңғы жаңалықтар