Қазақстанда БАҚ еркіндігі үшін жеткілікті түрде құқықтық негіз қалыптасқан
АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда БАҚ еркіндігі үшін жеткілікті түрде құқықтық негіз қалыптасқан. Бүгін Елордада ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының «БАҚ бостандығы» сессиясында сөз сөйлеген «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігінің өкілі осылай мәлім етті.
«Бүгінгі жиында әртүрлі пікірдегі азаматтардың сөзі тыңдалды. Осының өзі Қазақстанда сөз бостандығы, пікір алуандығының қарқынды жүргізіліп келе жатқанын білдіреді. Сонымен қатар, елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі үшін жеткілікті түрде құқықтық негіз қалыптасқан. Оппозициялық баспа өнімдері де еш кедергісіз сатылымда тұр. Ал оларға қатысты тыйым салынған жайттарға келетін болсақ, оның себептері де айқын әрі бұл туралы тергеу органдары қажетті ақпаратты беріп тұрады», деді бірлестік өкілі. Сонымен қатар, «Асыл мұра» өкілі БАҚ-пен одан әрі жұмыс мәселесіне тоқтала келе, бұл бағытта конференция аясындағы ұсыныстардың маңызды болатынын атап өтті. «Сондықтан да, БАҚ саласына қатысты проблемалар баршылық, әрі бұл барлық мемлекетте де орын алатын жайт. Ал бірқатар әріптестеріміздің мемлекеттік саясатқа қатысты «шорт» кесіп айтқан пікірлеріне келіспейміз», - деді бірлестік өкілі.