Қазақстанда БАҚ қызметкерлерінің кәсіподағы тіркелді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -11 желтоқсанда елімізде «Масс-медиа, телекоммуникация қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық ұйымы тіркелді. Оның жұмысы журналистердің құқығын қорғауға бағытталған.

Қазақстанда БАҚ қызметкерлерінің кәсіподағы тіркелді

Бұл туралы осы кәсіподақты құрушылар бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Кәсіподақ төрайымы Елена Малыгина аталмыш ұйым еңбек келісімшартын жасарда және сотта БАҚ қызметкерлерінің мүддесін қорғайтындығын, сондай-ақ ҚР «Еңбек Кодексі» мен «Кәсіподақтар туралы» Заң бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді.

«Біз заңнамаларда көрсетілген нормалардың сақталғанын қалаймыз. Негізі, әрбір редакцияның өз кәсіподағы болуы керек. Бұл үдеріс бүкіл елді қамтуы тиіс. Біз тіркелдік, енді мүшелік жарна және басқа да мәселелерді алдағы уақытта шешетін боламыз», - деді ол.

Кәсіподақты ұйымдастырушылардың бірі - Людмила Экзархова өз сөзінде қазіргі таңда Алматы мен Астананы қосқанда еліміздің кем дегенде 10 өңірінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру керектігін жеткізді. Сонда кәсіподақ өз мәртебесін растап, журналистерге ресми түрде көмек көрсете алады. Сондай-ақ ол, бұл ұйымдарда жұмыс берушілермен келіссөз жүргізетін көшбасшы тұлғаларды сайлау керектігін айтты.