Елімізде жасөспірімдер мен балалар арасында футболға қызығушылық өте жоғары

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – Дүниежүзілік балалар футболы күні. Бұл мереке 2001 жылы FIFA мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры арасындағы келісімінің нәтижесінде белгіленген. Қазақ балаларының футболға қызығушылығы қандай? Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген жас үздік аяқдопшылар тарқатты. 

Балалар арасында футболға қызығушылық өте жоғары
Фото: ҚФФ

– Мені әкем 6 жасымнан футболға ертіп барды. Футбол ойнау – өзімнің арманым болды. Сосын әкеме: «Мені футболға жіберші» деп өтініш жасадым. Мен ол кісіге мені қолдағаны үшін рақмет айтқым келеді. Өйткені әкешім менің футбол ойнап, жаттығуыма ешқашан кедергі болған жоқ. Қазір «Жеңіс» футбол клубының екінші құрамында ойнаймын. Алда негізгі құрамға өтіп, шет елдің командаларында да бағымды сынап көргім келеді, - дейді жас футболшы Өміржан Омарбек.

жас футболшы Өміржан Омарбек
Фото: видеодан алынған скрин

Өміржан қазір кәсіби футбол клубта өнер көрсетеді. Ол елордалық команданың екінші құрамында ойнау оған үлкен әсер еткенін жеткізді.

– Мен кәсіби клубпен келісімшартқа отырғанмын. Сол бойынша футбол ойнап жүрмін. Ары қарай да спорт саласында өнерімді жалғастырғым келеді. Бізде әр аптада 1 ойын болады. Мысалы, біз «Шахтер» командасымен ойнадық. Дүйсенбіден бастап, ол құрама ойыншыларының қалай ойнайтынын, қалай қорғанатынын қарап, сараптаймыз. Сосын жаттығып, оларға қарсы шабуылдау, қорғану әдістерін дайындаймыз. Қазір Екінші лигада ойнап жүрмін. Футбол көп нәрсе берді. Соның арқасында өз-өзіме сенімділігім артып, тәртіпке үйрендім, - дейді ол.

Жас спортшы жоғары оқу орнында өзі қалаған футбол бапкері мамандығында оқиды.

– Спорт академиясының 2-курсында футбол жаттықтырушысы мамандығын оқып жүрмін. Спорт академиясынан дипломымды алғаннан кейін жаттықтырушы бола аламын. Қазір елімізде футбол саласы дамып, бапкерлерге сұраныс артып жатыр. Мысалы, біздің спорт академиясында шетелдік мамандар дәріс береді. Біз бір топта шамамен 25 студент білім аламыз, - дейді «Жеңіс» футбол клубының ойыншысы.

жас футболшы Өміржан Омарбек
Фото: видеодан алынған скрин

Ал Өміржан Омарбек білім алатын Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева жастардың футболға деген қызығушылығы аса жоғары екенін айтады.

Жасөспірімдер мен балалар арасында футболға қызығушылық өте жоғары
Фото: видеодан алынған скрин

– Жасөспірімдер мен балалар арасында футболға қызығушылық өте жоғары. Оны мен өзім басқарып отырған жоғары оқу орнына қарап айта аламын. Өйткені бапкер болуды таңдаған білім алушылардың басым бөлігі командалық ойын түрлерінен футболды таңдайды. Олардың үлесі – шамамен 30%, – дейді Тұрсынзада Қуанғалиева.

Еліміздегі балалар арасында да футбол айтарлықтай танымал. Әсіресе кейінгі жылдары полицей, ғарышкер, президент болғысы келетін балаларға қарағанда футболшы болуды армандайтындар көбейген. Солардың бірі «Бүгін LIVE» студиясының қонағы – Асан Думан. 

– Футболмен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. Өйткені маған бұл спорт түрі қатты ұнайды. Футбол мені өз мақсатыма жетуге, командамен жұмыс істеуге үйретеді. Командада қорғаушы позициясында ойнаймын. Жақында құрамамызбен қалалық жарыстан 1-орын алдық. Сол жарыста мен «Үздік ойыншы» атандым. Бұл менің бірінші алтыным. Бұған дейін де жарыстарда ойнадым, – дейді ол. 

жас футболшы
Фото: видеодан алынған скрин

Асан Думан болашақта кәсіби футболшы болғысы келетінін жасырмады. 

– Мен сабақты тек 5-ке оқимын. Өскенде кәсіби футболшы болғым келеді. Қазір ARDA балалар футбол клубында ойнап жүрмін. Бас бапкеріміз – Дархан Ниязұлы. Ол кісі бізге: «Жаттығуды қалдырма, жалқау болма, көп еңбектен» деп айтады. Күніне 1 сағат жаттығамыз. Менің кумирім – Криштиану Роналду, – дейді 6-сынып оқушысы.

Еліміздегі балалар футболы қалай дамып жатқанын білгіңіз келсе, мына сілтемеге өтіңіз.

Соңғы жаңалықтар