Қазақстанда балалар үйі тәрбиеленушілерінің өмірі туралы хикая түсіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан» Республикалық телеарнасының тапсырысы бойынша «Көркем фильм» кинокомпаниясы «Армандар орындалады» деген жұмыс атауымен жаңа қазақстандық хикая түсіреді. Ол балалар үйі тәрбиеленушілерінің өмірі туралы сыр шертеді, деп хабарлады ұлттық телеарнаның баспасөз қызметі.

Қазақстанда балалар үйі тәрбиеленушілерінің өмірі туралы хикая түсіріледі

64 сериялы хикаяның түсірілімдері 1 шілде күні басталады. Теленовелланы түсіруші - қазақстандық режиссер және сценарист Рашид Сүлейменов.

«Көркем фильм» кинокомпаниясы телехикаяның басты және қосымша рольдерін сомдауға қосымша кастинг жариялайды. Оның бір ерекшелігі сол, кастингке балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысып, телехикаядағы басты және эпизодтағы рөлдердің бірін сомдауға мүмкіндік алады.

Хикаяда «Жасөспірімдер үйінде» тәрбиеленіп отырған тәрбиеленушілердің өмірі және үлкен өмірге жасаған алғаш қадамдары туралы баяндалады. Олардың барлығы қуаныш пен қайғыны, алғашқы махаббат, достық пен сатқындықты бастарынан кешіреді. Бірақ олар жалғыз емес. Бозбалалар мен бойжеткендерді ата-анасы мен туғандарының орнын басқан жолдастары, ұстаздары және тәрбиешілері қолдап отырады.

Өтініштерді қабылдау 14 маусым, яғни жексенбі күні аяқталады. Кандидаттарды іріктеу 15 және 16 маусым күндері «Көркем фильм» кинокомпаниясының кеңсесінде өтеді. Толық ақпаратты мына телефон бойынша алуға болады: + 7 771 581 93 93.

Міндетті шарттар: қазақ тілін білу, актерлік шеберлікті меңгеру.

Суреті бар түйіндеме мына мекенжай бойынша қабылданады: korkemfilm@list.ru.