Қазақстанда балаларды буллингтен қорғауда тың қадамдары іске асырылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық бағдарлама енгізіледі. Бұл жайында «Ашық» НҚА порталында жарияланған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы бағдарлама балалармен жұмыс істейтін барлық педагогтардың әдістемелік тірегі болады. Балалар арасындағы жәбірлеу мәселесі олардың дамуына үлкен қауіп төндіреді. Халықаралық тәжірибені зерделеу барысында Финляндияның Kiva деп аталатын балалар арасында жәбірлеудің алдын алу бағдарламасының тиімділігі байқалды. KiVa - ол буллингпен күрес бойынша инновациялық, нәтижелері жоғары бағдарлама. Бағдарлама жұмыс істеген 10 жыл ішінде фин елінде балалар буллингінің көрсеткіштері 4 есе төмендеген. Бұл тәжірибе еліміздің білім беру жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып зерделенеді», - делінген құжатта.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың резонанстық жағдайлары тиісті органдарға әрекет етуді талап етеді, ал мұндай мәселелерді шешуде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия үйлестіруші рөл атқаруы тиіс. Комиссияның қызметін елеулі түрде трансформациялау жөнінде шаралар қабылданады.

«Сонымен қатар, медициналық-әлеуметтік есепке алуды жүргізу қағидаларын әзірлеу жоспарланған. Есепке алудың бұл түрі 2019 жылы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы заңға енгізілді. Ол жеке профилактика шараларымен қамтылатын адамдарға медициналық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету, бейімдеу және оңалту мақсатында жүзеге асырылады. Кешенді жоспарда медициналық-әлеуметтік есепке алуды жүргізу Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларға бекітілетін болады. Ережелерді Оқу-ағарту министрлігі әзірлейді», - деп жазылған аталған құжатта.

Осы тың қадамдар нәтижесінде балалар арасында зорлық-зомбылыққа, балалар қылмысына, қатыгездікке жол бермеу, сондай-ақ «тәуекел тобындағы» отбасылардың әл-ауқатын арттыру жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар