Қазақстанда балаларды дұрыс тамақтандырудың онкүндігі өтуде

Шараның мақсаты - дұрыс тамақтанудың маңыздылығы жөнінде халықтың, әсіресе мектеп жасындағы балалардың сауаттылығын арттыру, оқу орындарындағы оқушылардың денсаулығын сақтау мен нығайту үшін жағдай жасауға ықпал ету болып табылады.
«Онкүндік аясында республиканың алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында медициналық қызметкерлер арасында балалардың, оның ішінде мектеп жасындағы балалардың тамақтану режимі туралы, аурудың алдын алудағы дұрыс тамақтанудың маңыздылығы жайында, тез даярланатын тағамдардың кері әсері туралы оқыту семинар-тренингтерін өткізу шаралары қамтылған»,-делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мәліметінде.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында «Мен салауатты өмір салтын таңдаймын», «Ақылмен тамақтан», «Фаст-фуд - мен үшін емес» тақырыптарында диктанттар мен байқаулар өткізу; «Дұрыс тамақтану пирамидасы», «Дәрумендерге бай азық-түліктер туралы не білемін?», «Фаст-фуд - ағзаға пайдалы ма, зиян ба?» тақырыптарында интерактивті оқыту шаралары, сондай-ақ дұрыс тамақтану, ыстық тамақтың маңыздылығы, тамақтану режимін сақтау, балалардың бойында тамақтану мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша ата-аналар жиналысын өткізу ескерілген.
Мектеп жасында дұрыс тамақтанбау - жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық аурулар, семіздік пен артық салмақ, қант диабеті ауруларының даму қаупін тудырып, ерте жастан мүгедектікке шалдығу мен өмір сүру ұзақтығын қысқартуға әкеледі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 1 сәуір күні Астана қаласының медицина қызметкерлерімен кездесуі барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева мектептерден тыс жерлерде балалар тамақтанатын тағамдарды бақылау керектігін тапсырған болатын.
«Балалардың денсаулығы мәселесіне тоқталатын болсақ, денсаулық сақтау қызметтері балалар болатын барлық жерде, оның ішінде мектептен тыс орындарда бақылау жүргізуі тиіс. Атап айтқанда, буфеттер мен дәмханаларда сатылып жатқан тағамдарды байқау керек. Жалпы, сатылатын және біздің балаларды тамақтандыруға жіберілетін өнімдердің сапасына талаптарды қатайтқан дұрыс болады деп санаймын», - деді Үкімет басшысының орынбасары.