Қазақстанда балаларға арналған жасанды өкпе моделі әзірленуде
АСТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - "Назарбаев Университетінің" Өмір турылы ғылым орталығы Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталығымен бірлесіп, балалардың жасанды өкпесінің моделін жасаумен шұғылдануда,
деп хабарлады "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Алмаз Шарман pm.kz сайтына берген сұхбатында.
"Бүгінде Өмір туралы ғылым орталығы Питсбург университетімен және Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталығымен бірлесіп, балалар өкпесі прототипініңнақты клиникалық практикада қолданылатын жасанды моделін жасаумен шұғылдануда", - деді А.Шарман.
Қазір қолданылып жүрген жасанды өкпе моделінің көлемін кішірейту жұмыстары жүргізілуде, одан кейін ол нақты педиатрияда пайдаланылатын болады деп атап айты ол.
"Назарбаев университеті" Атқару кеңесі төрағасының орынбасары Өмір туралы ғылым орталығы адамның дене мүшелерімен қатар фармакогеномиканы да дамытатынын жеткізді.
"Өмір туралы ғылым орталығы қазірде өте қымбат тұратын дәрі-дәрмекке қатысты фармакогеномиканы да зерттейтін болады, сондықтан дәрі қабылдамас бұрын адамның сол дәріге генетикалық сезімталдығын анықтау қажет", - деп атап өтті профессор.
Сонымен қатар, пациенттің әртүрлі жүрек ауруларына бейімділігін анықтауға арналған зерттеулер жүргізу де жоспарлануда.
Сөз соңында Ұлттық медицина холдингі Директорлар кеңесінің мүшесі 2015 жылы Назарбаев университеті базасында медицинаны тәжірибе жүзінде қолданып қана қоймай, сонымен қатар оқытушылық жұмыспен де шұғылдана алатын мамандар даярлайтын Медицина мектебін ашу жоспарланып отырғанын айтты.
"Медицина мектебі, Өмір туралы ғылым орталығы және Ұлттық медициналық орталықтың барлық ұлттық клиникалары денсаулық сақтаудың кіріккен академиялық жүйесін құратын болады деп сенеміз. Бұл барлық әлемдік трендтерге сәйкес келетін бағыт, өйткені науқасқа көмек көрсететін әрі өзгелерді оқыта алатын дәрігерлер жетекші ретінде өзімен бірге барлық десаулық сақтау саласын да алға сүйрейтін болады" - деп аяқтады сөзін А.Шарман.