Қазақстанда балаларға қандай ақпараттық өнімді көрсетуге тыйым салынады

Аталған заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның айтуынша, құжат бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да құралдар арқылы таралатын залалды ақпараттан балаларды қорғауға арналған.
«Әлем елдерінің бір-біріне ашықтығы, телекоммуникациялық желілердің дамуы, ақпарат алмасудағы мүмкіншіліктердің молаюы, жалпы дәуір дидарының өзгеруі осы рухани кеңістіктің тазалығы туралы ойлануға жеткізді. Заң жобасында осы саладағы әлемдік тәжірибе Қазақстандағы ақпараттық ахуалға сәйкестендірілген және елдегі заң айналымында жоқ кейбір ұғымдар енгізіліп отыр», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, ең алдымен белгілі бір жас топтарындағы балалар арасында қандай ақпараттық өнімді таратуға тыйым салынатындығы және шек қойылатындығы айқындалған. Ол үшін балаларға арналған ақпараттық өнімнің жас сыныптамасы және жас санаты дейтін ұғымдар енгізіліп отыр.
«Жоба бойынша мұндай ақпараттық өнімнің төмендегідей жас санаттары белгіленген. 6 жасқа дейін, 6 жастан асқан, 12 жастағы, 14 жастағы, 16 жастағы балалардың жетілу және дүниетану мүмкіндігіне сәйкес жіктелген. Жалпы алғанда заң жобасы бойынша қатігездік пен зорлық-зомбылыққа құрылған, балалардың өміріне қатер төндіретін іс-әрекетке, сондай-ақ суицидке итермелейтін, порнографиялық және арнайы сексуалды-эротикалық көріністерді қамтитын ақпараттық өнімдерге тыйым салу қарастырылуда. Мұнымен бірге отбасы институтын жоққа шығаратын және ұлттық дәстүрлерге қарсы үгіттейтін ақпараттарда балаларға зиянды деп табылған. Телеарналар осы талапқа сәйкес келетін ақпараттық өнімді және оған сәйестендірілген таңбамен белгілеп қана эфирге таратуы тиіс. Керісінше жағдайда оларға заңмен шара қолданылады», - деді Бекболат Тілеухан.
Сонымен қатар оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік басқару және құқық қорғау органдарының қызметін жеңілдету үшін алғаш рет балаларға арналған ақпараттық өнімге анықтама беріліп отыр. Мұндай ақпараттық өнім бағыты, тақырыбы, мазмұны, безендірілуі бойынша балаға тікелей арналған өнім болып табылады.