Қазақстанда балама сот әділдігі туралы заңнаманы жетілдіре түсу қажет

АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда балама сот әділдігі туралы заңнаманы жетілдіре түсу қажет.

Қазақстанда балама сот әділдігі туралы заңнаманы жетілдіре түсу қажет

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында балама сот әділдігі проблемаларын талқылауға арналған жиын барысында ҚР Әділет вице- министрі Марат Бекетаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Соңғы уақытта заңнамалық тұрғыда қабылданған шараларға қарамастан, балама сот әділдігі бағытындағы заңнама жетілдіре түсуді қажет етеді деп санаймыз. Елбасының жарлығымен бекітілген Қазақстанның 2010-2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында мемлекеттің азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуы мәселесін одан әрі жетілдіру және жеке құқықтық қатынас саласындағы иммунитеттен бас тарту шаралары қарастырылған болатын. Бұл халықаралық талаптарға сәйкес келеді», деді вице- министр. Оның пайымдауынша, құқықтық болмысы жағынан аралық (третейлік) және төрелік (арбитражды) соттар бір біріне ұқсас әрі бұлардың дауларды қарау үдерісі көбінесе қабысып жатады. Ал осы екі соттың арасындағы құзіреттілік резиденттің белгілеріне қарай анықталады. Атап айтқанда, резиденттер арасындағы даулар аралық соттарда, ал тараптар арасындағылардың біреуі резидент емес болып табылса, бұндай даулар төрелік соттарда қаралады.

«Дегенмен, ұлттық заңнамамызда аралық соттар мен төрелік соттар екі түрде қарастырылған. Осыған орай, біз осы мәселені терең саралай келе, алдағы уақытта бұл екі заңды біріктіруге болады деп есептейміз. Сонымен бірге, қазіргі күні тәжірибелік тұрғыдағы шараларды қабылдаудың да кезі жетті. Атап айтқанда, бүгінгі күні Қазақстанда жұмыс істеп, қызмет етіп отырған төрелік және аралық соттар туралы ақпарат жоқтың қасы. Осындай мәліметтер базасын әзірлеудің маңызы зор, бұның өзі еліміздегі балама сот үлгілерінің дамуы туралы жалпы мағлұматтарды қамтитын еді», деді М. Бекетаев.