Қазақстанда баламалы қуат көздерімен жүретін автокөліктер үшін инфрақұрылым жасалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда баламалы қуат көздерімен жүретін автокөліктер үшін инфрақұрылым жасалады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров мәлім етті.

Қазақстанда баламалы қуат көздерімен жүретін автокөліктер үшін инфрақұрылым жасалады

«Қазіргі жолдар инфрақұрылымы электромобильдерді қолдануға мүмкіндік бермейді. Газ тасымалдау инфрақұрылымы да дамымаған. Соның салдарынан көлік саласында көгілдір отынды қолдану мүмкіндігі төмен»,- деді ол.

Н.Қаппаровтың атап өтуінше, сондықтан министрлік газ, электр қуаты және басқа да баламалы қуат көздерімен жүретін автокөліктер үшін инфрақұрылымды құрып, дамытуды қолға алмақ.

«Сондай-ақ көліктерді таза қуат көздеріне ауыстыру бойынша мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылады», - деген министр елімізде велосипедтер жүретін жолдар инфрақұрылымын және осы көлік түрлерін жалға алу бекеттерін құру мәселелері анықталатындығын баса айтты.