Қазақстанда баланың компьютермен виртуалды түрде кісі өлімін жасауға, азаптап-қорлауға жол берілмейтін болды
Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.
Депутаттың айтуынша, сараптама ақпараттық өнімнің жанрын, тақырыбын, мазмұнын, безендірілуін, ақпараттық өнімді ұсынудың тәсілін, балаларға жасырын әсер ететін арнаулы әдістердің бар-жоғын, баланың ақпараттық өнімді бірнеше қайталап көруін айқындайды. Мұндай сараптама ақпараттық өнім Қазақстан аумағында таратылғанға дейін жүргізіледі және бұл сол өнімді өндірушіге жүктеледі.
«Балаларға арналған ақпараттық өнімнің жас санаттары заң жобасы бойынша бірқатар категорияға жүктеледі. Атап айтқанда, 6 жасқа дейінгі, 6 жастан бастап 12 жасқа дейінгі, 12 жастан бастап және 16 жастан бастап. Бұлардың баршасына нақтылы талаптар қойылған және эфирде тарату мерзімдері, бала үшін қолайлы уақыттары атап көрсетілген», - дейді А. Смайыл.
Оның сөзіне қарағанда, құжатта республика тарихында алғаш рет компьютерлік және басқа да электрондық ойындарды таратушының міндеттері сараланып отыр.
«Біз осы ойындарда балаларға ұсынуға тыйым салынған ақпаратық өнімдерге тән көріністердің болмауына қол жеткізуді ойластырдық. Оларда агрессивтік күш көрсетулер және өзге де қоғамға жат іс-әрекеттер мен арандататын сюжеттер кездеспеуге тиіс. Компьютер арқылы баланы виртуалдық кісі өліміне, азаптау, қорлау, жәбірлеу және басқа да әрекеттестіктер мен әрекеттерді қолдан жасай алуына жол бермеу талап етіледі. Бұнымен қоса, балаларға арналған баспа, дыбыс, бейне өнімдерде баланың денсаулығы мен дамуына зиянын келтіретін ақпараттар болмауы тиіс», - деді А. Смайыл.