Қазақстанда банк секторы технологиялық тұрғыда жеткілікті дамымаған - Ұлттық банк төрағасы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда банк секторы технологиялық тұрғыда жеткілікті дамымаған. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстанның банк секторы қазіргі таңда заман талаптарына толық жауап бере алмайды.
«Қазақстанның банк секторы 90-жылдары және 2000 жылдары құрылды ғой. Еуропаның және АҚШ-тың сол кездегі көптеген қаржы институттарының даму жолдарымен жүріп отырды. Ал бүгінде жаңа тәсіл қажет. Қазір әлемде қаржылық қызмет көрсету саласында ғаламат өзгерістер болып жатыр! Қазір кез келген азамат өзінің банктегі есепшотын көре алады, ақшасын қалай жұмсауды біледі. Тіпті, осы жүйе бойынша бір адам екінші адамға несие ұсына алады. Сондықтан қазір біз банк секторын жаңарту мәселесімен тығыз айналысып жатырмыз. Бұл жерде халықаралық кеңесшілерді шақыратын боламыз. 2020 жылдан кейін банктер қаржылық қызмет көрсетуде жаңа деңгейге көтеріледі», - деді өз сөзінде Қ. Келімбетов.
Сонымен қатар, еліміздің бас банкирі электронды ақшаның болашағы зор екендігін айта келе, әзірге оған қатысты шешілмеген мәселелердің көп екендігін жеткізді.
«Қазір бұл мәселе бүкіл әлем бойынша талқыланып жатыр. Әзірге электронды ақшамен қай институттың айналысатыны түсініксіз. Банктер ме әлде ұялы операторлар ма, болмаса «Фейсбук» «Амазон» «Али баба» секілді жеке компаниялар ма? Олар бұл салада тәжірибелік жұмыстарын бастап та жіберген. Бірақ ең басты мәселе шешілген жоқ. Ол - ақшаның қауіпсіздігі, сақталуы. Бұл мәселе шешілмей және электронды ақшаның айналымы реттелмей біз қандай да бір нақты шешімге келе алмаймыз», - деді Қ. Келімбетов.