Қазақстанда банк жүйесіндегі депозиттер жыл басынан бері 32,5 пайызға өсті - ҚР Ұлттық банкі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2015 жылдың басынан қараша айының соңына дейін банк жүйесіндегі депозиттердің жалпы көлемі 32,5 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті.
«2015 жылғы қарашада жалпы ақша массасы 5,8 пайызға, яғни 16684,4 млрд. теңгеге дейін (жылдың басынан бері 30,2 пайызға ұлғайды) ұлғайып, айналыстағы қолма-қол ақша керісінше, 0,9%-ға - 1190,2 млрд. теңгеге дейін қысқарды. Ал банк жүйесіндегі депозиттер 6,3%-ға, яғни 15494,2 млрд. теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бергі өсім - 32,5 пайызды құрап отыр», - деді Д. Ақышев.
Сонымен қатар, бас банкир үстіміздегі жылдың қараша айында
Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 0,4%-ға, яғни 28,6 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайғандығын жеткізді.
«Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері қараша айында 0,5%-ға, яғни 27,8 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайды (жалпы, жылдың басынан бері 1,7%-ға төмендеді) ұлғайды. 2015 жылғы қарашада таза валюталық қорлар 3,5 пайызға өсіп, алтындағы активтер 7,0 пайызға төмендеді. Алтын-валюта қорының деңгейіне халықаралық нарықта алтын бағасының өзгеруі әсер етеді. Бізде резервтер АҚШ долларымен есептеледі ғой. Дегенмен, бізде еуроның да портфелі бар. Сондықтан, алтын-валюта қорының деңгейі Ұлттық банктің ішкі валюта нарығына қатысу деңгейін дәл көрсете алмайды. Мұны Ұлттық банктің валюталық өктемділік операциялары арқылы көрсетуге болады. Сонымен, 2014 жылы өктемділік деңгейі 22 млрд. АҚШ долларын құраса, 2015 жылдың соңғы 10 айы ішінде бұл көрсеткіш 17,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Мұның барлығы елдің алтын-валюта қорын сақтау және ішкі валюта нарығында алыпсатарлық әрекеттерді болдырмау үшін жасалады», - деді Д. Ақышев.