Қазақстанда банкроттық рәсімді қанша бизнес субъектісі өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде банкроттық рәсімді 4 мыңға жуық бизнес субъектісі өтіп жатыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда банкроттық рәсімді қанша бизнес субъектісі өтіп жатыр

Бүгінгі жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерн жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауда.

«Қазіргі таңда банкроттық рәсімді 4 мыңға жуық бизнес субъектісі өтіп жатыр, 400 кәсіпорын оңалту кезеңінде. Іс жүзінде күрделі қаржылық жағдайдағы бизнес субъектілерінің саны елеулі. Қолданыстағы заң кәсіпкерлерге сәтсіз бизнесті тез жабуға мүмкіндік бермейді. Әрбір төртінші жағдайда сот борышкерді банкрот деп танудан бас тартады. Сотқа субъектінің қаржылық жағдайына объективті баға беруі қиын. Болмашы активтің болуын сот қарыздар бойынша есеп айырысу мүмкіндігі ретінде бағалайды», - деді бірінші вице-министр.

Оңалтуды қолдану кезінде де жағдай осыған ұқсас. Әрбір үшінші жағдайда сот оңалту рәсімін қолданудан бас тартады. Себебі борышкер төлем қабілеті бар немесе төлем қабілеттігін қалпына келтіру үшін ресурстарының бар екенін дәлелдемеген.

«Осыған байланысты заң жобасы оңалту және банкроттық рәсімдерін қолдану үшін жағдайларды жеңілдетуге, сондай-ақ рәсімдерді жүргізу мерзімдерін қысқартуға және жұмыс істемейтін борышкерлерді жеңіл түрде таратуға бағытталған», - деді Б. Шолпанқұлов.

Еске сала кетейік, жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда кәсіпорындар мен компанияларды сауықтыру мен банкроттығы талаптарын түбегейлі жеңілдету және рәсімдер мерзімін қысқарту керектігін тапсырған болатын.