14:52, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстанда «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» құрылды
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Қазақстанда бәсекелестік мәселелеріне көп көңіл бөлініп отыр.

Осыған орай, бүгін ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінде Бәсекелестік саясатын дамыту және қорғау орталығының құрылуына арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ҚР Үкіметінің қаулысымен 2008 жылдың желтоқсан айында құрылған аталмыш орталықтың қызметі республиканың тауар және қаржы нарықтарына талдамалық зерттеулер жүргізу арқылы бизнестің дамуына қолайлы бәсекелестік жағдайлар жасауға бағытталады. Сондай-ақ орталықтың мамандары бәсекелестікті шектейтін нормаларды анықтау мәніне, республиканың заңнамалық актілеріне тәуелсіз талдау жүргізеді. Орталық қаржы нарығын тұрақтандыру мақсатында нарықтың осы сегментін реттейтін нормативтік-құқықтық базасын зерттеумен айналысады және банк пен экономиканың нақты секторларының мүдделерін теңгерімдеу жөнінде ұсынымдар дайындайды. «Мен осы орталықтың шешімдері дұрыс және шынайы болуына жауаптымын. Менің ойымша, егер орталық тәуелсіз, әрі объективті болмаса, бұл орталықты құрудың мәні жоқ. Қазақстанға жақсы дамыған индустрия мен жақсы дамыған бизнес керек. Нарықта әділетті бәсекелестік болуы тиіс. Орталық жоғарыда аталған мәселелердің шешілуіне жәрдемдеседі», - деп атап өтті «Бәсекелестік саясатты дамыту және қорғау орталығы» АҚ-ның тәуелсіз директоры Daniel A.Witt.