Қазақстанда байлыққа салық салына ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов байлыққа салық салу мәселесіне қатысты өз көзқарасын жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын бізде қозғалтқыш көлемі үлкен көліктердің салығы көтерілген болатын. Ал қозғалтқыштың көлемі үлкен болса, көліктің бағасы қымбат деген сөз. Демек, ондай адамдардан салықты көп алады. Меніңше, жер, мүлік пен көлік туралы мәліметтің бәрі ақпараттық базаларда болғандықтан, оған салық салу қиын емес. Сондықтан байлықтың салығын жалақыдан емес, жаңағы тіркелген мүліктен алу керек де ойлаймын. Бірақ оған да үлкен дайындықпен келуіміз керек. Әзірше, біз xалықаралық тәжірибені зерделеп жатырмыз. Биыл осы мәселеге қатысты нақты жоспарлар жоқ», - деді Т.Сүлейменов xалыққа есеп беру кездесуі кезінде.

Министр салық салудың прогрессивті межесіне қатысты өз ойын да білдірді. Ондайда табыс артқан сайын салықтың көлемі өседі. Тимур Мұратұлының ойынша, прогрессивті меже болуы керек. Бірақ оны бірден көтеруге болмайды. «Мысалы, прогрессивті меже 20 процентке дейін енгізілсе, онда конвертпен жалақы беру оқиғалары көбейе түседі. Сондықтан аталған мәселені бірнеше жолмен шешу керек. Біріншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды заңдастыру қажет. Екіншіден, көлеңкелі экономиканың үлесін барынша азайту керек. Қазір оның үлесі 25-27 процентті құрап отыр. Соның ішінде салықтан жалтару, нақты табысты көрсетпеу және тағы басқа мәселелер бар. Үшіншіден, цифрландыруды іске асыру қажет. Барлық базаларды өзара қосып алсақ, салық салу жағынан ешқандай кедергілер болмайды», - деп атап көрсетті Т.Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар