Қазақстанда бензин арзандауы мүмкін - Павлодар МХӨЗ басшысы
«Желтоқсан, қаңтар мен ақпан айлары өздеріңіз білетіндей, бензинді аса қажет етпейтін кезең. Егер мұнай өңдеу зауыттары толық қуатта жұмыс істейтін болса, бензин бағасы арзандауы мүмкін», - дейді Энергетика министрлігінде тілшілерге сұхбат берген зауыт басшысы Данбай Шухрат.
Оның айтуынша, Павлодар мұнай-химия өңдеу зауытында жаңғырту жұмысы шегіне жеткен. Зауыт жоғары сапалы бензиннің алғашқы партиясын осы жылдың 10 қарашасында шығармақ. Оның келтірген мәліметіне сенсек, барлық жаңа құрылғылар толық қуатта жұмыс бастағаннан кейін аталған зауытқа 5,1 миллион тонна мұнай жеткізілсе, өндірілетін ашық мұнай өнімдерінің мөлшері 3,2 миллион тоннаға жететін болады.
«Бензин павлодарлық зауыттан Өскемен, Семей, Қарағанды, Петропавл қалаларына тасымалданатын болады. Қажеттілік туындаған жағдайда Алматы облысына да жіберіледі», - дейді ол.