Қазақстанда бес жыл ішінде табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2,3 есеге азайды - ҰЭМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үй шаруашылықтарын зерттеу деректері бойынша Қазақстанда табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасынан төмен халықтың үлесі 2014 жылы 2,8 пайызды құрады.

Қазақстанда бес жыл ішінде табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі  2,3 есеге азайды - ҰЭМ

Осылайша, соңғы бес жылдың ішінде аталған санаттағылардың үлесі 2,3 есеге қысқарып отыр. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Сонымен қатар, қалалық және ауылдық жердегі табыстардың айтарлықтай саралануы сақталуда. Мәселен, қалалық жерде табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасынан төмен халықтың үлесі 1,3 пайызды құрады, ал ауылдық жерде 4,7 пайыз болды. Ауылдық жердегі кедейліктің деңгейі қалалық деңгейден 3,6 есеге жоғарылады», - делінген баспасөз баянында.

Кедейліктің өңірлік бөлінісін қарастырғанда, 2014 жылы кедейліктің жоғары үлесі Оңтүстік Қазақстан (6,1%), Солтүстік Қазақстан (4,2%), Қызылорда облыстарында (3,2%), ең аз үлесі - Астана (0,4%) және Алматы (0,6%) қалаларында тіркелген.

Ал ауылдық жерлер бойынша кедейліктің жоғары үлесі Оңтүстік Қазақстан (8,1%), Солтүстік Қазақстан (6,0%) және Қарағанды облыстарында (5,7%) байқалды.