17:36, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Қазақстанда бейбіт шерулер мен жиналыстар өткізу заң жүзінде халықаралық стандарттарға жақындай түседі
АЛМАТЫ. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда шерулер және жиналыстар ұйымдастыру бостандығы туралы ҚР заңнамаларын реформалау мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел мәжілісі өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырысты Астанадағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚҰЫ), Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі ЕҚЫҰ бюросы (ДИАҚБ/ЕҚЫҰ), ҚР Президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі ұлттық комиссия, Фридом Хаус Қазақстан және Адам құқығы мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстандағы халықаралық бюро ұйымдастырған. Шараға Үкіметтік және үкіметтік емес, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қатысуда. Отырыс барысында шерулер мен жиналыстар өткізуге қатысты халықаралық стандарттар, ЕҚЫҰ міндеттемелері, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының бейбіт жиналыс бостандығы бойынша нұсқаулығы талқыланды. Сондай-ақ Қазақстандағы жиналыс бостандығы бойынша заңнама мен оның іс жүзінде қолданылуы, ұлттық заңдарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша ұсыныстар қарастырылды. «2009-2011 жылдарға арналған Адам құқығы саласындағы ұлттық жоспарға сәйкес бейбіт жиналыстарды, митингілерді, демонстрациялар мен шерулерді өткізу туралы ішкі заңнама жетілдіруді қажет етеді», дейді ҚР Президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев. ДИАҚБ/ЕҚЫҰ жиналыс бостандығы жөніндегі сарапшылар алқасының төрағасы Нейл Джарманның айтуынша, Қазақстан ішкі заңнаманы жетілдіруде бейбіт жиналыс бойынша нұсқаулықты қолдануы құптарлық нәрсе. «Өйткені, нұсқаулық бейбіт жиналыстарды тек әкімшіліктерге хабарлау арқылы ғана жүзеге аса береді. Сонымен қатар, бейбіт өткізілген жағдайда мемлекет тарапынан қолдау болады.Бұл бағытта Қазақстан халықаралық стандарттарға жақындай түседі», дейді Н.Джарман. Отырысқа қатысушылардың айтуынша, Қазақстанның 2009-20011 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарына жоғары баға беріліп, Ұлттық жоспардың ұстанымдарын жүзеге асыру азаматтық қоғам құруға жаңа серпін береді деген пікір білдірілді.Отырыс қорытындысы бойынша қарар қабылданып, өкілетті органдарға жіберіледі.