Қазақстанда бейнелеу өнерін дамытуға бағытталған байқаудың жеңімпаздары марапатталды
АЛМАТЫ. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда "Қазақ-британ мәдени қатынастары" деген тақырыппен өткен көркем сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Ұлыбританияның British Council халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен өткен байқауда Қазақстан мен Ұлыбританияның колледж, мектеп, университеттер мен тәуелсіз жас суретшілері 54-тен аса жұмыстар ұсынған. Оның 11-і екінші турға өткен. Осы жұмыстардан әділ қазылар алқасы жеңімпазды анықтап, ең үздік деген алты жұмысты таңдады.
Байқаудың бас жүлдесін "Болашақ қанаты - Қазақстан -Ұлыбритания" деген жұмысымен Ұлыбританияның Шеффилд университетінің көркемөнер факультетінің 4 курс студенті Елена Позднякова жеңіп алды. Жеңімпазға 1000 АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Сонымен қатар ең үздік деген алты жұмыстың авторлары да марапатталды. Олар қазақстандық жас суретшілер - Самал Үсентаева, Илья Теняков, Шырын Құрманбекова, Ақбота Қожахметова, Алмас Мустафаев және Мәдина Бектаева.
"Байқау Қазақстандағы бейнелеу өнерін дамытуға бағытталған. Мұндай шаралар Қазақстан мен Ұлыбритания елдері арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына ықпал етеді деген сенімдеміз. British Council өз тарапынан жас суретшілерге қолдау білдіргеніне қуанышты. Негізінен біздің мәдени жобалар шығармашылықтарын ұлттық не болмаса әлемдік деңгейде көрсете алмай жүрген жастарға мүмкіндік беруге бағытталған. Біз енді бұл байқауды жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз", - деді British Council ұйымының сурет саласы бойынша жобаның менеджері Майя Зеделашвили.
Оның айтуынша, әділ қазылар алқасы жеңімпаздарды суреттерінің тақырып ерекшеліктеріне, бүгінгі заманға сай лайықталып жасалғандығына қарай және жалпы дизайнына, сондай-ақ суретшінің шеберлік деңгейіне қарай таңдаған.