Қазақстанда бидай алқаптары қысқарып, басқа дақылдар көбірек егіледі

Айдарбек Сапаров
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – 2028 жылға қарай Қазақстандағы бидай алқаптары 855 мың гектарға қысқарады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елдегі егістік алқаптарын әртараптандыру жұмыстары туралы айтып берді.

«Біздің фермерлермен және әкімдіктермен бірлескен міндетіміз – егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру, 2028 жылға қарай бидай алқаптары 855 мың гектарға қысқаруы тиіс, бірақ өнімділікті арттыру шараларын қабылдау кезінде жалпы алым төмендемеуге тиіс», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, 5 жыл ішінде қарақұмық сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдарды 50 мың гектарға арттыру, майлы дақылдарды 3,7 млн гектарға жеткізу, жем-шөп алқаптарын 500 мың гектарға ұлғайту жоспарланған.

Ал оңтүстік өңірлер үшін күріш алқаптарын қысқарту бойынша индикативтер әзірленді. Биыл егіс көлемін 6 мың гектарға және алдағы 5 жыл ішінде 21 мың гектарға қысқарту міндеті тұр.

«Тура осындай жұмыс мақта өсіру бойынша да жүргізілуі керек. Соның нәтижесінде шамамен 1,4 млрд м3 су үнемделеді. Қант қызылшасы алқаптарын 5 жылда 27 мың гектарға ұлғайту қажет, бұл қантпен қамтамасыз ету деңгейін 6-дан 45%-ға дейін арттырады. Басқа да әлеуметтік маңызды дақылдарының алаңдарын ұлғайту жоспарлары қойылды», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Соңғы жаңалықтар