Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда биыл 536 орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл мемлекеттік орман қоры аумағында 536 орман өрті тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45,7 пайызға көп болғанымен, өрттен зардап шеккен аумақ көлемі төрт есе азайды.

Семей орманындағы өрт: белсенді ашық жану ошақтары қалмады
Фото: ТЖМ

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінде өткен брифингте Экология және табиғи ресурстар министрлігі Мемлекеттік бақылау, орманды қорғау және сақтау басқармасының басшысы Нияз Жолбарыс мәлім етті.

Оның айтуынша, бұл нәтижеге орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын күшейту ықпал еткен. Мемлекет басшысының қолдауымен 2023 жылдан бері орман мекемелеріне 2 251 өрт сөндіру техникасы сатып алынған.

— Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейі 80 пайызға жетті. Ал «Семей орманы» резерватында бұл көрсеткіш 100 пайызды құрайды, — деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар министрлік мемлекеттік орман қоры аумағында өртті ерте анықтау жүйесін кеңейту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

— Жоспар бойынша жыл соңына дейін өртті ерте анықтау жүйесі қамтитын аумақты 5 миллион гектарға дейін ұлғайтамыз. Қазіргі таңда бұл жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында және орталық өңірдегі алты мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағында жүргізіліп жатыр, — деді Нияз Жолбарыс.

Айта кетейік, бұған дейін Семей орманындағы өртке 800-ден астам адам мен 8 әуе кемесі жұмылдырылғанын жазған едік.