Қазақстанда билік басына әйелдер мен жастар көптеп келуде – Германия елшісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда билік басына әйелдер мен жастар көптеп келуде. Бұл туралы Қазақстандағы Германияның елшісі Моника Иверсен бүгін елордада «Қазақстан жастары: құндылықтарды, болжамдарды, талпыныстарды бағалау» зерттеуінің қорытындысына арналған шарада, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы «BISAM Central Asia» орталығы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар арасында зерттеуді бастады. Мақсат – қазақстандық жастардың өмір салтын зерттеу, олардың өмірге деген көзқарасын анықтап, қандай құндылықтарды бағалайтынын білу. Сонымен қатар елімізде жастар саясатын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттермен бірлесіп әрекет ету.

«Shell Youth Study» атты неміс әдіснамасына сүйеніп жасалған зерттеу Германияда 1953 жылдан бері жүргізіліп келеді.

Еліміздегі Германияның елшісі Моника Иверсен бүгінде Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері арасында жастардың өмір сүру стандартын жетілдіруге бағытталған бірлескен жұмыс қолға алынғанын айтты.

«Келер жылы Германия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толады. Осы орайда біз қазақстандық жастар арасында білім беру бағдарламаларын ашып, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырамыз. Біз неліктен жастарға тоқталып отырмыз? Өйткені, жастар – мемлекеттің болашағы. Мемлекет, қоғам, бизнес, экономика барлығы да солардың қолына өтеді. Сондықтан да жастармен бірлесіп жұмыс істеп, олардың үніне құлақ асу қажет-ақ. Жалпы азаматтық қоғамда адамдар өз ойын еркін жеткізе алатындай жағдай жасалуы тиіс. Осы орайда Қазақстанның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасын айтып өтуге болады. Бұл жаңашылдық қоғаммен қатар саясат саласына да өзгерістер әкеліп жатыр. Соның дәлелі бүгінде Қазақстанда билік басына әйелдер мен жастар көптеп келуде», - деді Моника Иверсен өз сөзінде.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл бірлескен жобаны жүзеге асыруда шетелдік серіктестерге алғысын білдірді.

«Бұл зерттеудің әлеуеті зор. Қазіргі жастардың қандай құндылықтарды бағалап, нені қалайтынын білу маңызды. Ф. Эберт атындағы қормен бірлескен зерттеуіміздің қоғам мен жастар үшін берері көп деген үміттемін», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар