Қазақстанда биотехнологияны дамыту және ғылыми өңдеулерді үйлестіру бойынша ведомствоаралық комиссия құрылады

АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен Қазақстандағы биотехнологияны дамыту болашағы мәселесі бойынша кеңес өткізілді.

Қазақстанда биотехнологияны дамыту және ғылыми өңдеулерді үйлестіру бойынша ведомствоаралық комиссия құрылады

Оған биотехнологиялар саласындағы жетекші ғалымдар мен сарапшылар, Қазақстан Республикасы Ұлттық биотехнология орталығының қызметкерлері қатысты, деп хабарлады аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметі.

 Кеңесте Ұлттық биотехнология институтының ағымдағы жағдайы мен іске асырылып отырған ғылыми зерттеулер туралы хабарлама тыңдалды. Отырыс барысында биотехнологияны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

 Елбасының интерактивті дәрісінде білім және ғылым жүйесінің алдына инновациялық инфрақұрылымның барлық спектрін дамыту, инновациялық қызметті жүзеге асыратын кәсіби кадрлар даярлау туралы нақты міндеттер қойылды.

  Министрдің пікірінше, ел Президенті қойған ауқымды мақсаттарға қол жеткізу үшін білім беру жүйесінің мол мүмкіндігі, қажетті ресурстары мен тетіктері бар. Ең бастысы, бұл әлеуетті тиімді пайдаланып, Елбасының барлық тапсырмаларын орындауды, инновациялық білім берудің қазақстандық моделін қалыптастыруды қамтамасыз ету қажет.

   Басқосу барысында айтылып өткендей, Қазақстанда биотехнология саласында едәуір тәжірибе жинақталған және келешегінен үміт күттіретін ғылыми жобалар әзірленген. Еліміздегі биотехнологияны дамытудың бірыңғай жүйелі тәсілі ғылыми, білім беру мекемелерінің, өндірістік кәсіпорындардың, бизнес құрылымдардың күшін біріктіріп, осы саланың дамуын жеделдетуге мүмкіндік береді.

     Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында аталмыш саланы кешенді дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

    Бұл тапсырманы іске асыру үшін елімізде биотехнологияны дамыту, ғылыми зерттеулерді үйлестіру және оларды тәжірибеге ендіру үшін мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен ведомоствоаралық комиссия құру туралы шешім қабылданды.